Сот жұмыс берушіні әйелді бұрынғы қызметіне қайта орналастыруға міндеттеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Астана қалалық сотының мәліметінше, әйел «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ-да құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген. Кейін басшылық оған басқа бөлімдегі маман қызметін ұсынған. Қызметкер жаңа лауазымға ауысудан бас тартқан соң, жұмыс беруші мұны еңбек қатынастарын жалғастырудан бас тарту деп бағалап, 2026 жылғы 6 сәуірде еңбек шартын бұзған.
Әйел бұл шешіммен келіспей, сотқа жүгінген. Бастапқыда Астананың азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты оның талабын қанағаттандырмаған. Бірақ іс апелляциялық сатыда қайта қаралып, жұмыс берушінің заң бұзғаны анықталды.
Сот алқасы қызметкерге ұсынылған жұмыстың бұрынғы міндеттерінен өзгеше екенін және мұндай ауыстыру үшін оның келісімі қажет болғанын атап өтті. Сонымен қатар жаңа бөлімнің лауазымдық нұсқаулығы 9 сәуірде бекітілгені белгілі болды. Ал әйел үш күн бұрын, 6 сәуірде жұмыстан шығарылған.
Осы мән-жайларды ескерген апелляциялық сот бірінші сатыдағы шешімнің күшін жойып, жұмыстан босату туралы бұйрықты заңсыз деп таныды. Әуежай әкімшілігіне әйелді бұрынғы қызметіне қайта орналастыру міндеттелді. Бұдан бөлек, сот жұмыс берушіден қызметкердің пайдасына амалсыз жұмыссыз жүрген алты айының жалақысын, яғни 7 миллион теңгеге жуық қаржы өндіріп беруді ұйғарды. Сот шешімі заңды күшіне енді.