Бұған еңбектердің авторлығын сатумен айналысатын күмәнді құрылымдармен байланысы себеп болған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Бұл туралы 30 қазанда Nature ғылыми журналы жазды. Басылымның мәліметінше, Электр және электроника инженерлері институты (IEEE) 23 қазанда 1417 конференциялық мақаланы кері қайтарған. Ғылыми жарияланымдардың адалдығын зерттейтін мамандар мұны бір баспаның бір мезгілде осыншама көп еңбекті кері қайтаруы бойынша рекордтық жағдай деп бағалап отыр.
Мәселенің мән-жайы Берлиндегі Еркін университеттің зерттеушісі Анна Абалкина мен оның әріптестері жүргізген зерттеуден кейін белгілі болған. Ғалымдар әлеуметтік желілерде ғылыми мақалалардың авторы болу мүмкіндігін ақшаға ұсынатын хабарландыруларды зерттеген. Олар Telegram, WhatsApp және Facebook сияқты платформалардағы 200-ден астам арнадан 4407 хабарландыру тапқан. Хабарландыруларда дайын ғылыми мақалаларға автор ретінде қосылу ұсынылған.
Зерттеушілер осы хабарландыруларды ғылыми басылымдардағы еңбектермен салыстырып, IEEE конференцияларында 2021-2026 жылдар аралығында жарияланған 2062 мақаланың атауы күмәнді ұсыныстармен сәйкес келетінін анықтаған. Авторлық орындардың бағасы да белгілі болды. Зерттеуге сәйкес, мақаладағы бірінші автор ретінде көрсетілу құны 43-400 АҚШ доллары аралығында болған. Ал соңғы автордың орны 11-200 долларға ұсынылған.
Nature басылымының талдауынша, күмәнді деп танылған 2062 мақаланың 1622-сі қазірдің өзінде жарияланымнан алынған. Жалпы IEEE ұйымы 2026 жылдың басынан бері 3000-ға жуық ғылыми еңбекті кері қайтарған. IEEE өкілдері ғылыми еңбектерді тексеру барысында олардың жариялау талаптарын бұзғанын анықтаған. Ұйымның мәліметінше, соңғы шешімге іліккен мақалалар алты жылда жарияланған конференциялық еңбектердің 0,06 пайызынан аз бөлігін құрайды.
Ғалымдар бұл жағдайды ғылыми жарияланымдар нарығындағы өзекті мәселелердің бірі деп бағалайды. Себебі ғылыми еңбектің авторы болу мүмкіндігін сатып алу зерттеу жүргізбеген адамдардың да жарияланым арқылы академиялық бедел жинауына жол ашады.