ДДСҰ басшысы Тоқаевтың денсаулық сақтау саласындағы бастамасын жоғары бағалады

Ол 77 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеру туралы шешімге ерекше тоқталды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған бастамаларын жоғары бағалады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ол 77 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеру туралы шешімге ерекше тоқталды.

ДДСҰ басшысы бұл туралы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды. Ол Қазақстанның халық денсаулығын қорғауға және медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті.

Тедрос Адханом Гебрейесустың айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 77 мың медицина қызметкерінің еңбекақысын арттыруға басымдық беруі – маңызды қадам. Сондай-ақ ол алғашқы медициналық-санитариялық көмекке инвестиция салу, жалпы практика дәрігерлерінің мүмкіндіктерін кеңейту және медицина мамандарын қолдау халыққа көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін жақсартатынын жеткізді.

ДДСҰ басшысы Қазақстанның «Баршаға денсаулық» жаһандық тұжырымдамасын қалыптастырудағы тарихи рөліне де назар аударды. Осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын бұл идея 1978 жылы қабылданған Алматы декларациясында көрініс тапқан.

Оның сөзінше, 2028 жылы аталған құжаттың қабылданғанына 50 жыл толады. Қазақстан бүгінде де декларацияда бекітілген қағидаттарды іс жүзінде жүзеге асырудың үлгісін көрсетіп отыр.

«Денсаулық сақтау мәселелеріне саяси деңгейде басымдық беру өте маңызды. Осы бағытта өзгелерге үлгі көрсетіп отырған Қазақстанға рақмет!» – деп жазды Тедрос Адханом Гебрейесус.