Қазақстанда интернет алаяқтық 22 пайызға азайды – Бас прокурор

Қазақстанда биылғы тоғыз айда интернет алаяқтық 22 пайызға азайып, прокурорлардың бақылауындағы 3,5 мың инвестициялық жобаның жалпы құны 105 триллион теңгеге жетті.

Бас прокурор Берік Асылов «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған мақаласында Президент Жолдауында айқындалған міндеттердің орындалуы, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау, қылмыстың алдын алу және әлеуметтік нысандар құрылысының нәтижелері туралы жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы жүзеге асырылған конституциялық реформалар аясында мемлекеттік құрылыстың жаңа кезеңінде еліміз үшін ауқымды басымдықтарды қалыптастыра отырып, айрықша маңызға ие болып отыр.

Мемлекет басшысы еліміздің даму бағыты мен болашақ келбетін нақты айқындады. Жаңа кезең мемлекеттік басқару жүйесін жетіл­діру, экономикалық өсімді қамтамасыз ету, ин­фра­құрылымды жаңғырту, инвестициялық ахуалды жақсарту, сондай-ақ бизнесті дамытуға тың мүмкіндіктер ашады. Осы басымдықтардың барлығын біріктіретін ортақ конституциялық бағдар – халықтың әл-ауқатын арттыру.

Терең институционалдық, әлеуметтік-эко­номикалық және құқықтық өзгерістердің іргетасы – Халық Конституциясы. Мемлекет басшысы Жолдауында атап өткендей, жаңа Конституция «еліміздің саяси жүйесінің түбегейлі жаңғыруына, жаңа билік институттарының құрылуына үлкен серпіліс берді».

Жолдау елді ауқымды инфрақұрылымдық жаңғыртуға көшірудің стратегиялық негізін айқындайды. Президент жолдар мен логис­ти­калық орталықтарды жедел әрі сапалы салу­дың­ қажет­тігіне назар аударды. Еліміздің бар­лық өңірін­де білім, спорт, мәдениет, таза ауызсумен қамтамасыз ету нысандарын, пери­на­тал­­дық орталықтар мен ауру­­ханаларды, жедел меди­циналық жәрдем стансала­рын, балаларды оңалту орталықтарын, сондай-ақ ерекше қажет­тіліктері бар балаларға арналған спорт залдарын салуды тапсырды.

Президент айқындаған басымдықтарды одан әрі дамыту мақсатында келер жылды «Халық­тық құрылыс» жылы деп жариялауды ұсынды. Біз бұған  қайтарылған активтер есебінен азамат­тар­дың игілігіне қызмет ететін әлеуметтік маңызы бар нысандарды салуда айтарлықтай тәжірибе жи­нақтап келіп отырмыз. Олардың барлығы мердігерлер үшін бюрократиялық кедергілерге жол бермей, қысқа мерзімде әрі сапалы іске асыры­лып жатыр. Құрылыс жұмыстарының барлық кезеңі алғашқы кірпіші қаланған сәттен бастап қадағалауға алынған.

Бұған осы аптада Шығыс Қазақстан облысы­ның Өскемен қаласында жаңа Гематология орталығының ашылуы айқын мысал бола алады. Бұл – Шығыс Қазақстан, Павлодар мен Абай облыстарының ересек адамдары мен балаларына мамандандырылған медициналық көмек көрсететін өңіраралық кешен.

Орталықтың басты ерекшелігі – қан ауруларына шалдыққан пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің толық циклі бір жерде шоғырландырылған. Мұнда жоғары дәлдіктегі диаг­ностика мен емдеуден бастап, сүйек кемігін трансплантациялау, оңалту және пациенттердің кейінгі жағдайын тұрақты бақылауға дейінгі барлық қызмет түрі қамтылған.

Орталықта молекулалық-генетикалық және цитогенетикалық диагностика жүргізу, сүйек кемігін трансплантациялау бөлімшесі мен трансфузиология орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар химиотерапияға арналған дәрілік препараттарды орталықтандырылған тәртіппен дайындау мүмкіндігі қарастырылған.

Балалар гематологиясы мен сүйек кемігін транс­плантациялау бағытында мамандандырыл­ған медициналық көмек көрсетудің маңызы ерекше. Қазіргі уақытта аталған үш өңірдің ешқайсысында мұндай қызмет түрі жоқ.

Биыл Шымкент қаласында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар оқитын «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледжі» арнайы кешені үшін 300 орындық заманауи жатақхана пайдалануға берілді.

Ақмола облысында да бірқатар ірі спорт нысандары ашылды. Олардың қатарында Зеренді ауылындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі және Көкшетау қаласындағы «Көкше Арена» спорт кешені бар. Павлодар, Арқалық және Балқаш қалаларындағы үш әуежайды реконструкциялау жұмысы аяқталды.

Бүгінде құрылысы жоспарланған 466 жобаның 383-і аяқталды. Оның ішінде сумен жабдықтау саласында – 194, денсаулық сақтау – 169, білім саласында 11 нысан пайда­ла­нуға берілді. Сонымен қатар спорт, көлік және инфрақұрылым салаларында 3 нысаннан аяқталды. Жолдауды іске асыру мақсатында уәкілетті органдармен бірлесіп құрылыс жобаларын сүйемелдеу бойын­ша қалыптасқан тәжірибені еліміздің инфра­құры­лымын дамытуға арналған барлық нысанға қол­данатын боламыз.

Президент Жолдауында кәсіпкерлерді қол­дау тетіктерін нығайтуға, оларды бақылаушы ор­гандар тарапынан болатын негізсіз қысым­нан және заңсыз қылмыстық қудалаудан қор­ғау­ға бағытталған шаралар қабылдаудың маңыз­дылығына тоқталғанын атап өткен жөн. Мем­ле­кет басшысы «Бизнесті қорғау – ұлттық эконо­миканың дербестігін нығайту» екенін атап өтіп, кә­сіпкерлердің қызметіне қолдан заңсыз тосқауыл жасауды мемлекетке қарсы жасалған қылмыс ретінде бағалап, бірқатар нақты тапсырма­ берді. Олардың қатарында экономикалық құқықбұзушылықтарды одан әрі қылмыстық жауаптылықтан арылту, бизнес субъектілерін тексеруге мораторий енгізу мәселелері бар.

Бұл бағытта прокуратура құқық қорғау органдары тарапынан кәсіпкерлерге түсетін қысымды азайту және оларды негізсіз қылмыстық қудалауға тартуға жол бермеу үшін кешенді шаралар қабылдап келеді. Бұл ретте, біз тіркелген қылмыстық істердің заңдылығы мен негізділігі, соттардың тергеу әрекеттерін жүргізуге және кәсіпкерлерге қатысты мәжбүрлеу шараларын қолдануға берген санкцияларын күнделікті мониторингтен өткізіп, тексереміз. Нәтижесінде кәсіпкерлерге қатысты тіркелген қылмыстық істер санының азаю үрдісі сақталып отыр (134-тен 104-ке дейін).

Жинақталған тәжірибені ескере отырып,­ экономикалық құқықбұзушылықтарды қыл­мыс­тық жауаптылық аясынан шығаруға бағытталған, жан-жақты сараланған ұсыныстар енгізуге дайынбыз.

Бүгінде уәкілетті органдардың цифрлық әкім­шілендіру жүйесінің дамуы осы саладағы қыл­мыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіруге кең мүмкіндік ашып отыр. Сонымен қатар прокуратура инвесторлардың құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды іске асыруға қол­дау көрсету бағытындағы жүйелі жұмысын жалғастырады.

Қазіргі уақытта прокурорлар жалпы құны 105 трлн теңгені құрайтын 3,5 мың инвестициялық жобаларды сүйемелдеуде. Инвесторлардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетігіне айналған «прокурорлық сүзгі» өз нәтижесін көрсетіп отыр. Оның көмегімен 2 080 инвестордың құқығы қалпына келтіріліп, проблемалық сипаттағы 670 мәселе шешімін тапты. Осы орайда, Мемлекет басшысының: «Барша беделді әрі адал кәсіпкерлердің инвестициялық мүд­десі ең мықты әрі сенімді құқықтық құжат – Конституциямызбен қорғалған», деген тұжыры­мының маңызы зор.

Жолдауда айқындалған басымдықтардың ішінде елдің одан әрі дамуы үшін іргелі маңызға ие «Заң мен тәртіп» конституциялық қағидатын сақ­тау ерекше орын алады. Бұл қағидатты дәйекті түр­де іске асыру қоғам өмірінің барлық саласына оң ықпал етеді. Азаматтар үшін бұл – алаңсыз өмір сүріп, еңбек етуге мүмкіндік беретін, ертеңгі күн­ге деген сенімді нығайтатын кепілдік. Бизнес үшін – меншік құқығының қорғалуы мен қызмет жүр­гізудің айқын әрі түсінікті ережелері. Ал мем­лекет үшін – жаңа инвестициялық жобалар, қо­сым­ша жұмыс орындары және экономикалық өсім.

Жуырда АҚШ Мемлекеттік департаменті Қазақстанды туризм үшін қауіпсіздігі жоғары елдер қатарына қосты. Әлемдік паспорт рей­тингтерінде Қазақстан паспорты бүгінде Ор­талық Азиядағы ең мықты паспорт ретінде танылып отыр. Халықаралық субъективті әл-ауқат деңгейін бағалайтын «World Happiness Report» зерттеуінде еліміз 147 мемлекеттің ішінде 33-орынға ие болды. Бұл – Қазақстанның осы рейтингтегі бүгінгі күнге дейінгі ең үздік нәтижесі.

Бұдан да маңыздысы, аталған рейтингте қиын жағдайға тап болған кезде жақындары мен айна­ласындағы адамдардан қолдау күту мүмкін­дігін бағалайтын көрсеткіш бойынша Қа­зақстан әлем­дік көшбасшылар қатарында. Бұл­ – қоғамдағы ынтымақ пен өзара көмектің айрықша құндылығын айғақтайтын тағы бір дәлел.

Үкіметтің мәліметінше, өткен жылы елімізге 12 миллионға жуық шетелдік турист келген. Ал туризм саласына салынған инвестиция көлемі бір жылда 32,6 пайызға өсіп, 1,26 трлн теңгеге жеткен. Әрине, бұл көрсеткіштерге инфрақұрылымның дамуы, көлік қатынасының қолжетімділігі және басқа да бірқатар кешенді факторлар ықпал етеді. Қауіпсіздік пен қорғалу деңгейі де туризм және экономиканың басқа да салалары дамитын ортаның маңызды сипаттамасы саналады. Бұл жетістіктердің артында құқық қорғау органдары мен мүдделі өзге де мемлекеттік органдардың үйлесімді әрі бірлескен жұмысы тұр.

Бұл бағыттағы жұмыстың тәсілдерін жүйелі түрде жаңартып, құқықтық тәртіпке төнетін қатерлердің алдын алуға басымдық беріп келеміз. Осы мақсатта ақпаратты жедел жинауға және өңдеуге, қалыптан тыс жағдайларды анықтауға, оқиғалар арасындағы өзара байланысты зерделеуге, сондай-ақ құқықбұзушылықтардың ал­­дын алу шараларын күшейтуге мүмкіндік бере­тін озық әдістер мен цифрлық құралдарға негіз­­делген кешенді талдау модельдері кеңінен енгізіліп жатыр.

Мәселен, осы қағидаттар негізінде «Айқын нә­ти­же» жобасын әзірлеп, алғаш рет елордада жүзеге асырдық. Бүгінде жоба ІІМ және әкімдік­тер­мен бірлесіп, еліміздің басқа аймақтарында да кезең-кезеңімен енгізіліп жатыр. Біз криминалдық тал­дау нәтижелерін, инфрақұрылымдық дерек­терді ұштастырып, ЖИ көмегімен қоғамдық тәр­тіптің бұзылу қаупі жоғары аумақтарды анық­тадық. Соның нәтижесінде көшелерде шамамен 4,2 мың жаңа жарықтандыру нүктесі орнатылып, 4 мыңға жуық бейнебақылау камерасы іске қосылды.

Бас прокуратураның «Саналы ұрпақ» жобасы аясында 10 айда 19 мың рейдтік іс-шара өткізілді. 4 мың жасөспірім профилактикалық есепке алынып, түнгі уақытта ойын-сауық орындарында жүрген 2 400 бала анықталды. 304 дәмхананың алкоголь өнімдерін өткізуге берілген лицензиялары қайтарылып алынды. Жасөспірімдер арасындағы қылмыс деңгейі 7 пайызға төмендеді.

Мемлекет басшысының тапсырмалары­на сәйкес азаматтарды интернеттегі алаяқ­тық­тан қорғаудың көпдеңгейлі жүйесі қалып­тас­ты­рыл­ды. Осы бағытта заңнама, ұйымдастыру және технологиялық шаралар қабылданды. Он­лайн-кредит беруге қойылатын талаптар күшей­ті­ліп, байланыс қызметтерін реттеу тетіктері қатаң­датылды.

Кейінгі жылдарда алғаш рет интернеттегі алаяқтықтың өсу үрдісін тоқтатуға қол жеткізілді. Тиісті органдардың бірлескен жұмысының арқа­­­­сында биылғы жылдың 9 айында мұндай құқық­бұзушылықтарды 22 пайызға төмендеттік (20 387-ден 15 819-ға дейін), соның ішінде кредиттік алаяқтық (62 пайыз), телефон арқылы жасалатын (31 пайыз) және онлайн-сатып алуға байланысты алаяқтықтар (34 пайыз) саны азайды.

Қылмыстық қатерлерді ерте анықтау бағытында цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект белсенді енгізіліп жатыр. Бас прокуратура жанында жұмыс істейтін Қылмыстық қатерлерді болжау орталығы құқықтық статистиканың үлкен деректерін талдап, қоғамға төнуі ықтимал қауіп­тердің алдын алу мақсатында отандық және шетел­дік медиакеңістіктегі ақпараттарға тұрақты мониторинг жүргізеді.

Жалпы, бүгінде зорлық-зомбылық деңгейінің төмендеп келе жатқанын, кісі өлтіру, қарақшылық шабуыл және бұзақылық сияқты ауыр құқықбұзу­шылықтардың азайғанын атап өтуге болады. Бұған, сөзсіз, қоғамдық сананың өзгеруі, заң үстемдігі мен тәртіп қағидаттарының орнығуы және цифр-ландыру үдерісінің дамуы ықпал етіп жатыр. Азаматтарға қылмыстардың жаңа схемалары мен ықтимал қауіп-қатерлері туралы кең көлемде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырады.

Президент Жолдауында мұғалімдердің мүдде­лерін қорғау және педагогтерге құрметпен қарау мәселелеріне де ерекше назар аударып, ұстаз­дардың артық жүктемесін азайту және қоғамдағы беделін арттыру үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.

Бұл маңызды басымдықтар ұстазға құрмет көрсету, оның қоғамдағы рөлін мойындау және педагогтердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету – білімді, жауапты әрі заңға бағынатын жас ұрпақты тәрбиелеудің қажетті шарты екенін, олардың бойында Адал азамат қағидаттарына негіз­делген адамгершілік құндылықтарды қалыптастырудың ажырамас бөлігі екендігін айқындайды.

Біз өскелең ұрпаққа ерекше көңіл бөлеміз. Құқықтық мәдениет отбасында, мектепте және қоғамдық ортада қалыптасады. Бүгінгі жастар өте белсенді және, ең бастысы, мәселелерге бейжай қарамайды. Мұны күнделікті жұмысымыздан айқын аңғарамыз. Олар біздің көптеген бастамаларымызды қолдап, Заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілетуге белсенді атсалысып келеді.

Еліміздің көптеген өңірінде прокурорлар балалардың қауіп-қатерден сақтану дағдыларын қалыптастыруға және осы бағыттағы білімін арттыруға арналған жобаларды жүзеге асырып келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңа оқу жылынан бастап мектептерде «Конституция негіздері» және «Заң мен тәртіп» міндетті курстары енгізілді. Мұндай жобаны біз алғаш рет Алматы облысында қолға алып, кейін тәжірибені еліміздің басқа өңірлеріне де тараттық.

Еліміздің барлық өңірінде тұрақты түрде өткізілетін Халық заңгері, Ашық есік күні, Құқықтық дәріхана және басқа да құқықтық акция­­­­лар халыққа өз мәселелерін шешуде заң көмегін беріп қана қоймай, сонымен қатар әр адамның өз құқықтарын білуге және оларды заңды жолмен қорғауға дағдылануына ықпал етіп келеді.

«Таза Қазақстан» тұжырымдамасын іске асыру аясында еліміздің барлық өңірінде қоғам­дық аумақтарды ластау, жасыл желектер мен ком­муналдық инфрақұрылым нысандарын бүлді­ру фактілерін анықтау бойынша рейдтік іс-ша­ра­лар жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік органдар­мен бірлесіп, 120 мыңнан астам әкімшілік құқық­бұзу­шы­лық анықталды.

Экологиялық бақылаудың цифрлық құралда­ры енгізіліп жатыр. Мәселен, біз әзірлеген заңсыз қоқыс үйінділерін анықтауға арналған «TazaQala» цифрлық платформасының көмегімен Алматы қаласында осы айдың ішінде 260 заңсыз қоқыс орны анықталып, олардың 135-і тазартылды.

Біз тарихи өзгерістердің маңызды кезеңінде тұрмыз. Президент айқындаған басымдықтар мен міндеттерді жүзеге асыру баршамыздан жүйелі әрі үйлесімді жұмысты талап етеді. Бұл жұмыстың басты өлшемі – қоғам мен мемлекет мүддесіне сай келетін, азаматтарымыздың игілігіне бағытталған нақты нәтижелер.

Біз алға қойған мақсаттарымызға Әділетті, Қуатты, Таза әрі Прогрессивті Қазақстанның мызғымас негізі болып табылатын Заң мен тәртіп конституциялық қағидатын қатаң сақтай отырып қол жеткізетінімізге сенімдімін.

Берік АСЫЛОВ,

Бас прокурор