«Халықтық құрылыс» жобасына қоғамдық бақылау жүргізу ұсынылды – Бекмұрат Жүсіпов

Оның айтуынша, құрылыс сапасын, жұмыс мерзімін және бюджет қаражатының жұмсалуын қадағалауға қоғам өкілдері де қатысуы керек.

Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылатын жобаларға қоғамдық бақылау жүргізуді ұсынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, құрылыс сапасын, жұмыс мерзімін және бюджет қаражатының жұмсалуын қадағалауға қоғам өкілдері де қатысуы керек.

Бекмұрат Жүсіпов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жарияланған «Халықтық құрылыс» бастамасы өңірлердің инфрақұрылымын дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталғанын атап өтті. Оның пікірінше, мұндай ауқымды бағдарламаның нәтижелі орындалуы үшін мемлекеттік бақылаумен қатар қоғамдық бақылау да қажет.

Осы мақсатта ол «Халықтық құрылысқа – халықтық бақылау» бастамасын жүзеге асыруды ұсынды.

«Осындай ауқымды бағдарламаның табысты жүзеге асырылуы үшін мемлекеттік бақылаумен қатар жүйелі қоғамдық бақылау ұйымдастыру қажет. Осыған байланысты «Халықтық құрылысқа – халықтық бақылау» бастамасын іске асыруды ұсынамыз», – деді Бекмұрат Жүсіпов.

Ұсынысқа сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі республикалық деңгейдегі қоғамдық бақылауды үйлестіріп, оның нәтижелерін жинақтайды және Үкіметке тиісті ұсыныстар енгізеді. Ал өңірлік қоғамдық кеңестер жергілікті жерлердегі құрылыс нысандарын бақылап, анықталған мәселелерді шешу жолдарын ұсынады.

Сонымен қатар құрылыс жұмыстарының сапасы мен орындалу барысын бағалауға салалық мамандар мен тәуелсіз сарапшыларды тарту көзделіп отыр. Бекмұрат Жүсіпов жобалар туралы мәліметтерді көпшілікке қолжетімді ету үшін арнайы цифрлық ақпараттық платформада «Халықтық құрылысқа – халықтық бақылау» бөлімін ашуды да ұсынды. Онда құрылыстың орындалу барысы, анықталған кемшіліктер және оларды жою үшін қабылданған шаралар көрсетілуі тиіс.

Халық Кеңесінің мүшесі бұл бастаманы кеңестің жұмыс жоспарына жеке жоба ретінде енгізіп, жауапты адамдарды, іске асыру кезеңдері мен нақты мерзімдерін белгілеу қажет деп есептейді.

«Қоғамдық бақылау мемлекеттік құрылыс бақылауын алмастырмайды, керісінше оның ашықтығы мен тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Халықтық құрылыс – халық игілігі үшін жүзеге асырылатын бастама. Сондықтан оның сапалы әрі уақытылы орындалуына халықтың өзі де қатысуы тиіс», – деді ол.

Бекмұрат Жүсіповтің пікірінше, Қазақстан Халық Кеңесі мен өңірлік қоғамдық кеңестердің бірлескен жұмысы құрылыс жобаларының ашықтығын қамтамасыз етіп, бөлінген қаражаттың тиімді жұмсалуына қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.