Ермахан Полат: Құрылыс жұмыстары сапалы әрі ашық жүргізіліп, халық оның игілігін көруі қажет

Ермахан Полаттың пікірінше, жаңа мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың салынуы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылайтын мемлекеттік комиссия құруды ұсынды. Оның құрамына мемлекеттік органдар мен мәслихат депутаттарынан бөлек, қоғам қайраткерлері, белсенділер, волонтерлер және журналистер де енеді. Су ресурстары және ирригация министрлігі Ақпараттық-талдау орталығының жоба жетекшісі Ермахан Полат осы бастаманың маңызы жөнінде пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Оның айтуынша, комиссия жұмысына қоғам өкілдерінің қатысуы бюджет қаражатының жұмсалуына қоғамдық бақылауды күшейтіп, мемлекеттік бағдарламалардың ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

«Президенттің ведомствоаралық комиссия құрамына қоғам өкілдерін, белсенділерді, волонтерлер мен журналистерді енгізу туралы ұсынысын қолдаймын. Бұл бюджет қаражатының жұмсалуын мемлекеттік органдармен қатар, қоғам тарапынан да бақылауға мүмкіндік береді. Ашықтық пен есептілік кез келген мемлекеттік бағдарламаның маңызды бөлігі болуға тиіс», – деді Ермахан Полат.

Сондай-ақ ол құрылыс саласының ел дамуындағы рөліне тоқталды. Оның пікірінше, жаңа мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың салынуы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға ықпал етеді.

«Халықтық құрылыс» жылының жариялануы орынды деп санаймын. Өйткені құрылыс – ел дамуының маңызды бағыттарының бірі. Жаңа мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандардың салынуы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, бұл жұмыстар сапалы әрі ашық жүргізіліп, халық оның игілігін, яғни, нақты нәтижесін көруі керек», – деп атап өтті ол.