Нәтижесінде электр жарығына қол жеткізген ауыл тұрғындарының ұйқысы тәулігіне орта есеппен 35 минутқа қысқарған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Зерттеу Аргентинаның солтүстігіндегі жергілікті Тоба/Қом қауымдастықтарының арасында жүргізілген. Ғалымдар 2012-2024 жылдар аралығында тұрғындардың ұйқы тәртібіндегі өзгерістерді бақылаған. Зерттеуге 156 адам қатысып, олардың ұйқысына қатысты 12 мыңнан астам жазба жиналған. Мамандар адамдардың қашан ұйықтайтынын, қанша уақыт демалатынын және күнделікті өміріндегі өзгерістерді салыстырған.
Зерттеу басталған кезде кейбір ауылдарда электр энергиясы болмаған. Кейін тұрғындар электр жарығына қол жеткізіп, интернет пен смартфондарды пайдалана бастаған. Бақылау нәтижесінде ауыл тұрғындарының ұйқы ұзақтығы он жыл ішінде орта есеппен 35 минутқа азайған. Сонымен қатар зерттелген ауылдық және жартылай қалалық қауымдастықтарда ұйықтау уақыты шамамен бір сағатқа кешіккен.
Ғалымдар электр жарығы адамдардың күн батқаннан кейін де белсенді болуына мүмкіндік беретінін атап өтеді. Ал интернет пен смартфондар кешкі уақыттағы әдеттерді өзгертуі мүмкін. Дегенмен зерттеушілер ұйқының қысқаруын тек электр энергиясымен немесе смартфон қолданумен байланыстыруға болмайтынын ескертеді. Себебі осы кезеңде тұрғындардың тұрмыс салты, жұмысы және әлеуметтік ортасы да өзгерген.
Ғылыми жұмыс заманауи технологиялардың адам өміріне енуі ұйқы тәртібімен қатар жүретін өзгерістерге қалай ықпал етуі мүмкін екенін көрсетеді.