Алаяқтардың айласы асқынып барады

Десек те, қылмыскерлердің құрығы ұзарған тұста құқық қорғау органдары интернет-алаяқтықтың 21 пайызға азайғанын мәлімдеді.

Цифрлық технология дамыған сайын алаяқтардың да айласы асқынып барады. Бірі банк қызметкерінің атын жамылса, енді бірі оңай олжаға кенелтетін жалған инвестицияны жарнамалайды. Қазір тіптен азаматтардың сеніміне кіру үшін жасанды интеллектің мүмкіндігін пайдаланатындар көбейген.

5,5 миллиард теңге бұғатталып, 617 миллион теңге қайтарылған

Десек те, қылмыскерлердің құрығы ұзарған тұста құқық қорғау органдары интернет-алаяқтықтың 21 пайызға азайғанын мәлімдеді. Ішкі істер министрлігінің дерегінше, биылғы тоғыз айда Антифрод-орталығы арқылы күмәнді шоттардағы 5,5 миллиард теңге бұғатталып, оның 617 миллион теңгесі ғана жәбірленушілерге қайтарылған. Демек, бұғатталған қаражаттың небәрі 11 пайызы иелеріне қайтқан. Осы кезеңде дропперлерге қатысты мыңнан астам қылмыстық іс қозғалып, интернеттегі 82 мыңға жуық заңсыз ресурс бұғатталыпты. Қағаз жүзінде қылмыс азайып, оны ашу көрсеткіші жақсарғанымен, қауіптің беті қайтты деуге әлі ерте.

Кейінгі 6 жылда қылмыс екі еседей артқан

Алматы қаласы Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының дерегінше, мегаполисте кейінгі 6 жылда интернет-алаяқтық бойынша қылмыстың саны екі еседей артқан. 2020 жылы 1677 факт тіркелсе, 2025 жылы оның саны 2 851-ге жеткен. Ал биыл сәуір айындағы ресми мәлімет бойынша, жыл басынан бері 700-ден астам қылмыс тіркеліп, тұрғындар 490 миллион теңгеден астам шығынға батқан. Оның 230 миллион теңгеге жуығы ғана өтелген.

  – Өз тәжірибемде алаяқтардың, әсіресе қаржы пирамидаларының құрбаны болған азаматтарды көп кездестірдім. Байқағаным, мұндай алаяқтық схемаларға адамдар көбіне бірін-бірі тартады. Достары, туыстары, таныстары мен әріптестері бірінің сөзіне бірі сеніп, қаржы пирамидасына қосылады. Ал алаяқтар сенімге кіру үшін бастапқы кезеңде кейбір қатысушыларға әдейі табыс төлейді. Мұндай тәсілді өзара «утка» деп атайды. Алғашқы пайдасын көрген адам «осынша ақша таптым, өте тиімді екен» деп өзгелерге жарнамалай бастайды. Мұндай кезде бір адамның алған табысы өзгелерді сендіру құралына айналады, – деді экономист, қаржы сарапшысы Айбар Олжай.

Алаяқтардың олжасы – несиеге мұқтаж адамдар

Қазір «банк мақұлдамаса да, несие алып беремін» деп жар салатындар қаптап жүр. Бірі кредиттік тарихты «тазалап» беруге уәде етсе, енді бірі банктің шешімін айналып өтудің «құпия жолын» білетінін айтып сендіреді. Қарызға белшесінен батып, үміті үзілген азамат үшін мұндай ұсыныс тығырықтан шығар жалғыз жолдай көрінуі мүмкін. Ал алаяқтардың нағыз олжасы да осы – несиеге мұқтаж адамдар. Ең қауіптісі, делдалдың құрғақ уәдесіне сенген азамат несиеге қол жеткізбек түгілі, қолындағы соңғы тиынынан да айырылып қалуы ықтимал.

 – Несие алып беру жөніндегі делдалдық қызмет заңда жеке қызмет түрі ретінде қарастырылмаған. Ал банк пен тұтынушы арасында дау туындаса, оны шешуге көмектесетін банк омбудсманы бар. Сондай-ақ қаржы ұйымдарының қызметін қадағалайтын уәкілетті орган – Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жұмыс істейді. Заң бойынша несие беруге тиісті рұқсаты немесе лицензиясы бар қаржы ұйымдары ғана құқылы. Олардың қатарына банктер, микроқаржы ұйымдары және кредиттік серіктестіктер кіреді. Өзге тұлғалардың мұндай қызметті заңсыз жүзеге асыруына жол берілмейді. Қазір алаяқтықпен күресуге бағытталған қауіпсіздік шараларының түрлі тетіктері қарастырылған. Соның ішінде кибералаяқтыққа қарсы іс-қимылдың негізгі бағыттарының бірі – антифрод жүйесі. Бұл мәселемен Ұлттық банк, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қаржылық мониторинг агенттігі, прокуратура және екінші деңгейлі банктер бірлесіп айналысып жатыр, – деді Айбар Олжай.

400-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылған

Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл Қазақстанда антифрод жүйесіне енгізілген күмәнді қаржылық операциялар негізінде 76 мыңнан астам жағдай белгілі болған. Сонымен қатар алаяқтық жолмен алынған қаражатты аударуға және қолма-қол ақшаға айналдыруға қатысы бар дропперлердің әрекеті бойынша мыңнан астам қылмыстық іс қозғалды. Оның ішінде 400-ден астам адам қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты.

Алаяқтың арбауына түсу – бір қасірет, ал өзің алмаған несиенің қарызын арқалау – екі есе ауыр соққы. Мұндай жағдайда азамат өз құқығын қалай қорғай алады? Заңгер Шаһризада Рашитқызы мәселенің ең маңызды тұсы – дер кезінде арыздану және алаяқтық әрекетті нақты фактілер арқылы дәлелдеу екенін айтты.

– Алаяқтың арбауына түсіп, атыңызға несие рәсімделсе, «алданып қалдым» деп дабыл қағу жеткіліксіз. Мұндай жағдайда азамат Қылмыстық-процестік кодекстің 71-бабына сәйкес жәбірленуші деп танылуы тиіс. Ол үшін дереу құқық қорғау органдарына арыз жазу қажет. Өйткені ресми арызсыз банк алдындағы несиелік міндеттемелерді уақытша тоқтату мәселесін шешу қиын. Ал алаяқпен жазысқан хаттар, телефон қоңырауларының аудиожазбалары мен ақша аударылған шот туралы деректер – қылмысты дәлелдеуге көмектесетін маңызды айғақтар. Сондықтан олардың бірін де өшірмей, сақтап алу керек. Ең бастысы, жеке деректер мен растау кодтарын ешкімге бермеу маңызды. Тіпті құқық қорғау органының, салық қызметінің немесе банктің атын жамылып хабарласқандарға да көзсіз сенуге болмайды. Кез келген күмәнді қоңырауды міндетті түрде тексерген жөн, – деді заңгер.

Несие төлемдерін алты айға уақытша тоқтатуға болады

Ал қарапайым азамат SMS-кодты алаяққа айтып қойған жағдайда қарыздан құтылудың жолы бар ма? Алаяқтың айласына алданған адам өмір бойы өзгенің қарызын арқалауға тиіс пе? Заңгер мұндай жағдайда азаматтардың құқығын қорғауға көмектесетін заңдық тетіктер бар екенін жеткізді.

– Егер алданып қалып, SMS-кодты хабарлаған азаматтың атына несие рәсімделсе, бұл қарызды міндетті түрде өз қалтасынан өтеуі міндетті деген сөз емес. Заңда мұндай жағдайда жәбірленушінің құқығын қорғау тетіктері қарастырылған. Атап айтқанда, «Банктер және банк қызметі туралы» заңның 34-бабына сәйкес, азаматты жәбірленуші деп тану туралы қаулы негізінде несие төлемдерін алты айға уақытша тоқтатуға болады. Бұл уақыт қылмыскерді анықтап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуге беріледі. Егер осы мерзімде кінәлі тұлға табылмаса, азамат әр алты ай сайын төлемдерді тоқтату туралы қайта өтініш беруге құқылы. Ал қылмыскер анықталып, сот үкімі заңды күшіне енген жағдайда, жәбірленуші сол шешімге сүйеніп, банкке несиені толық есептен шығару жөнінде өтініш жолдай алады. Азаматтар үшін ең маңыздысы – уақыт жоғалтпай құқық қорғау органдарына жүгініп, өзінің жәбірленуші екенін заң жүзінде дәлелдеу, – деп түйіндеді заңгер Шаһризада Рашитқызы.

Түйіндей келе, сала мамандары интернет-алаяқтарға алданбаудың ең тиімді жолы – қаржылық сауаттылықты арттырып, цифрлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау екенін ескертеді. Қандай ұсыныс болмасын, кез келген ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеруге кеңес береді.

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

Алматы қаласы