48 жасында қонақүйде көз жұмған әлем жұлдызы: Уитни Хьюстонның жұмбақ тағдыры

Даңқ, байлық және қайғылы өлім: Уитни Хьюстонның белгісіз тағдыры

2012 жылдың 11 ақпаны. АҚШ-тың Беверли-Хиллз қаласындағы Beverly Hilton қонақүйінде әлемдік музыка тарихындағы ең танымал әншілердің бірі Уитни Хьюстон өлі күйінде табылды. Ол небәрі 48 жаста еді. Бұл хабар миллиондаған тыңдарманды есеңгіретіп тастады. Өйткені бір кездері ғажайып дауысымен әлемді тамсандырған әншінің өмірі осылай қайғылы аяқталады деп ешкім күтпеген еді.

Уитни Хьюстон — музыка әлемінде ерекше құбылысқа айналған тұлға. Оның орындауындағы «I Will Always Love You», «I Wanna Dance with Somebody», «Greatest Love of All» әндері бірнеше буынның сүйікті шығармасына айналды. Ол поп, соул және госпел музыкасының ерекшеліктерін шебер ұштастырып, вокалдық орындаушылықтың жаңа биігін көрсетті. Музыка индустриясында оны жай ғана есімімен емес, «The Voice», яғни «Дауыс» деп атайтын.

Алайда сахнадағы жарқын жетістіктерінің тасасында күрделі жеке өмір, отбасылық жанжалдар, есірткіге тәуелділік және ұзақ жылдарға созылған қиындықтар жатты. Әлемге әйгілі әншінің тағдыры даңқ пен жеке бақыттың әрдайым қатар жүрмейтінін көрсетті.

Уитни Элизабет Хьюстон 1963 жылдың 9 тамызында АҚШ-тың Нью-Джерси штатындағы Ньюарк қаласында дүниеге келді. Оның балалық шағы музыкамен тығыз байланысты болды. Анасы Сисси Хьюстон кәсіби әнші, ал немере әпкесі Дион Уорвик америкалық музыка сахнасындағы белгілі орындаушылардың бірі еді. Атақты Арета Франклин де Хьюстон отбасына жақын болған.

Уитни алғаш рет шіркеу хорында ән айтып, өзінің ерекше вокалдық қабілетін көрсетті. Госпел музыкасы оның орындаушылық мәнерінің қалыптасуына зор ықпал етті. Кейін жас әнші анасының концерттерінде қосалқы вокалист болып өнер көрсетті.

1983 жылы Arista Records компаниясының жетекшісі Клайв Дэвис жас әншінің талантын байқап, онымен келісімшарт жасасты. Бұл кездесу Уитнидің өмірін түбегейлі өзгертті.

1985 жылы оның алғашқы «Whitney Houston» альбомы жарық көрді. Альбом бірден емес, біртіндеп танымалдық жинап, АҚШ-тағы Billboard 200 хит-парадының бірінші орнына көтерілді. «Saving All My Love for You», «How Will I Know» және «Greatest Love of All» әндері халықаралық деңгейде танылды.

1987 жылы шыққан екінші альбомы «Whitney» әншінің жетістігін одан әрі нығайтты. Ол Billboard 200 тізіміне бірден бірінші орыннан енген алғашқы әйел орындаушы атанды.

Хьюстонның ең таңғаларлық жетістіктерінің бірі — Billboard Hot 100 хит-парадында қатарынан жеті әнінің бірінші орынға көтерілуі. Бұл рекорд оны әлемдік поп-музыка тарихындағы ерекше тұлғалардың қатарына қосты.

1992 жылы әнші актерлік өнерде де бағын сынады. Ол Кевин Костнермен бірге «The Bodyguard» («Оққағар») фильмінде басты рөлді сомдады. Фильмнің саундтрегіне енген «I Will Always Love You» әні оның шығармашылық мансабындағы ең ірі табыстардың біріне айналды.

Бір қызығы, бұл әнді алғаш рет Уитни Хьюстон орындамаған. Шығарманы америкалық кантри әншісі Долли Партон 1973 жылы жазып, 1974 жылы жарыққа шығарған. Алайда Хьюстонның орындауындағы нұсқа әнге мүлде жаңа сипат берді. Оның қуатты дауысы, нәзік басталатын әуенді біртіндеп шарықтау шегіне жеткізуі шығарманы әлемдік хитке айналдырды.

«I Will Always Love You» Billboard Hot 100 тізімінде 14 апта бойы бірінші орында тұрды. Ал «The Bodyguard» саундтрегі музыка тарихындағы ең табысты альбомдардың біріне айналды.

Әнші шығармашылық жолында алты Grammy сыйлығын жеңіп алды. Оның жазбалары әлем бойынша жүздеген миллион данамен сатылды. Бірақ осындай орасан жетістіктерге қарамастан, жеке өмірінде күрделі кезең басталған еді.

1992 жылы Уитни Хьюстон америкалық әнші Бобби Браунға тұрмысқа шықты. Бір жылдан кейін олардың Бобби Кристина есімді қызы дүниеге келді. Бастапқыда бұл неке шоу-бизнес әлеміндегі ең көп талқыланған оқиғалардың бірі болды. Алайда уақыт өте келе ерлі-зайыптылардың қарым-қатынасы күрделене түсті. Отбасылық жанжалдар, полиция араласқан оқиғалар және есірткіге қатысты мәселелер бұқаралық ақпарат құралдарының тұрақты тақырыбына айналды. Әсіресе 2000 жылдардың басында әншінің сыртқы келбеті мен сахнадағы өнері бұрынғыдан өзгере бастағаны байқалды.

2002 жылы Уитни Хьюстон ABC News телеарнасының журналисі Дайан Сойерге сұхбат беріп, есірткі қолданғанын ашық мойындады. Ол алкоголь, марихуана, дәрілік препараттар және кокаин қолданған кезеңдері болғанын айтты. Бұл сұхбат қоғамда үлкен пікірталас туғызды. Өйткені көрермендер экраннан бұрынғы мінсіз сахналық бейнесінен өзгеше, жеке қиындықтары туралы ашық сөйлеген әншіні көрді.

Хьюстонның есірткіге тәуелділігі шығармашылық мансабына да әсер етті. Оның концерттері мен көпшілік алдындағы өнері жиі сынға ұшырады. Бұрын жоғары ноталарды еш қиындықсыз орындайтын әншінің дауысы қарлығып, вокалдық мүмкіндіктері өзгергені туралы музыкалық сыншылар жаза бастады.

2000 жылдардың ортасында Уитни бірнеше рет оңалту орталықтарында ем қабылдады. 2007 жылы Бобби Браунмен ажырасты. Осыдан кейін әнші жеке өмірін қайта құрып, шығармашылыққа оралуға күш салды. 2009 жылы оның «I Look to You» атты жаңа альбомы жарық көрді. Бұл туынды Billboard 200 хит-парадының бірінші орнына көтерілді. Көптеген жанкүйер үшін альбом әншінің жаңа өмір бастауының белгісіндей көрінді.

Алайда сахнаға қайта оралу оңай болған жоқ. 2010 жылғы әлемдік гастрольдік сапары кезінде оның кейбір концерттері жағымсыз пікірлер алды. Тыңдармандар әншінің бұрынғы вокалдық мүмкіндіктерін толық қалпына келтіре алмағанын байқады. 2011 жылы ол тағы да тәуелділіктен емделу бағдарламасына қатысты.

2012 жылдың ақпан айында Уитни Хьюстон Лос-Анджелеске Grammy марапаттау рәсіміне байланысты ұйымдастырылатын іс-шараларға қатысу үшін келді. Ол Beverly Hilton қонақүйіне орналасты. 11 ақпан күні түстен кейін әншінің көмекшісі оны қонақүй бөлмесіндегі ваннадан ес-түссіз күйінде тапты. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.

Бұл қайғылы оқиға Grammy марапаттау рәсімінен бір күн бұрын болды. Әншінің кенеттен қайтыс болуы музыка әлемін дүр сілкіндірді. Алғашқы күндері оның өліміне қатысты түрлі болжамдар тарады. Кейбір ақпарат құралдары дәрілік препараттардың артық мөлшерде қабылдануы мүмкін екенін жазды.

Алайда 2012 жылдың наурызында Лос-Анджелес округінің сот-медициналық сараптама қызметі ресми қорытындысын жариялады. Құжатта өлімнің тікелей себебі суға тұншығу екені көрсетілді. Ал жүрек тамырларының атеросклероздық ауруы мен кокаин қолдану өлімге ықпал еткен факторлар ретінде тіркелді. Сарапшылар оқиғаны жазатайым жағдай деп бағалады.

Медициналық тексеру барысында әншінің ағзасынан басқа да заттардың іздері анықталғанымен, олардың өлімге тікелей ықпал етпегені айтылды. Тергеу барысында қылмыс белгілері табылған жоқ. 2012 жылдың сәуірінде Беверли-Хиллз полициясы істің жабылғанын хабарлады. Демек, әншінің өліміне қатысты қастандық туралы болжамдар ресми дәлел тапқан жоқ.
 
18 ақпанда Уитни Хьюстонның туған қаласы Ньюарктегі New Hope Baptist шіркеуінде қоштасу рәсімі өтті. Оған отбасы мүшелері, жақын достары және әлемге әйгілі өнер қайраткерлері қатысты. Келесі күні әнші Нью-Джерси штатындағы Fairview зиратына, әкесінің жанына жерленді.

Уитни Хьюстонның музыкалық мұрасын тек сатылған альбомдар мен алған марапаттар арқылы бағалау жеткіліксіз. Оның ең басты ерекшелігі — вокалдық техникасы мен эмоциялық орындаушылықты шебер ұштастыруы.

Әнші бірнеше ән дәстүрін үйлестіре білді.. Әсіресе ұзақ музыкалық фразаларды еркін орындауы, дыбыс күшін біртіндеп арттыруы, регистрлер арасындағы ауысулары және мелизматикалық әшекейлерді қолдануы оның жеке орындаушылық стилін қалыптастырды.

Уитнидің ән айту мәнері кейінгі буын орындаушыларына ықпал етті. Оның шығармашылығы поп-музыкадағы вокалдық шеберліктің маңызды үлгілерінің бірі ретінде қарастырылады.

Әншінің рекордтары да назар аударарлық. Ресми өмірбаяндық деректерге сәйкес, оның альбомдары, синглдері мен бейнежазбалары әлем бойынша 220 миллионнан астам данамен сатылған. Ол қатарынан жеті синглі Billboard Hot 100 тізімінің бірінші орнына көтерілген жалғыз орындаушы болып қала береді. Уитни Хьюстон алты Grammy және 22 American Music Awards марапатын иеленген. Сондай-ақ ол жүздеген музыкалық сыйлыққа ие болып, Гиннестің рекордтар кітабына енген