Қазақстанда әлеуметтік көмек тағайындағанда ипотека мен несие де ескеріледі

Қазақстанда мемлекеттік әлеуметтік көмек көрсету тәртібі өзгермек.

Енді отбасының материалдық жағдайын бағалау кезінде табысы ғана емес, ипотекасы, несиесі, баспанасы мен көлігі де ескеріледі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев Үкімет отырысында мәлімдеді. Оның айтуынша, жаңа жүйенің басты мақсаты – мемлекеттік көмекті шынымен мұқтаж азаматтарға бағыттау. Министрлік отбасылардың әлеуметтік жағдайын бағалау әдістемесін қайта қарап жатыр. Бұған дейін азаматтардың табысына басымдық берілсе, енді олардың ай сайынғы қаржылық міндеттемелері мен тұрмыстық жағдайы да назарға алынады.

Атап айтқанда, отбасының ипотекалық қарызы, басқа да несиелері, жалғыз баспанасының болуы, көлігі мен ауыл шаруашылығы техникасының жағдайы есепке алынбақ. Сондай-ақ отбасында жалғыз асыраушының болуы және күнделікті тұрмысқа жұмсалатын шығындар ескеріледі. Жаңа тәртіпті енгізу үшін мемлекеттік органдардың 30 ақпараттық жүйесіндегі мәліметтер тексеріліп жатыр. Желтоқсан айында Отбасының цифрлық картасын екінші деңгейлі банктердің ақпараттық жүйелерімен біріктіру жоспарланған.

Өзгерістерді 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап кезең-кезеңімен сынақтан өткізу ұсынылып отыр. Алғашқы кезеңде табысы жоғары азаматтардың әлеуметтік жағдайы бағаланады. Кейін бұл жұмыс ауқатты азаматтар санаты бойынша жалғасады. Министрліктің мәліметінше, жаңа жүйенің тиімділігі алдымен пилоттық жоба аясында тексеріледі. Оның нәтижесіне қарай әлеуметтік көмек көрсету тәртібін кеңінен қолдану мәселесі шешіледі.