Қазақстан құрамасынан даумен кеткен ресейлік бапкер «Қайратқа» келуі мүмкін

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы бас бапкері Станислав Черчесов алматылық «Қайрат» клубын жаттықтыруы мүмкін.

Ресейлік маманның қазіргі командасы «Ахматтан» кететіні туралы ақпарат тарады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

БАҚ-тағы мәлімет бойынша, 63 жастағы Черчесовтың «Қайрат» басшылығымен қарым-қатынасы жақсы. Сондықтан оның бапкерлік мансабын Алматыда жалғастыруы мүмкін екені айтылып жатыр. Дегенмен тараптар әзірге бұл ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.

С. Черчесов 2025 жылдың маусымынан бері Ресейдің «Ахмат» клубын жаттықтырып келеді. Соңғы уақытта команда сәтсіз өнер көрсетіп, Ресей Премьер-лигасында бес матч қатарынан жеңіске жете алмады. 1 қарашада мәскеулік «Динамодан» 0:2 есебімен жеңілгеннен кейін бапкердің қызметінен кетуі мүмкін екені хабарланды.

Матчтан соң Черчесов алдағы уақытта клуб басшылығымен болашағын талқылайтынын айтып, қызметінен кететіні туралы ақпаратты нақтыламады. Қазір «Ахмат» 13 турдан кейін 11 ұпаймен турнир кестесінде 14-орында тұр.

Айта кеткен жөн, Станислав Черчесов 2024 жылдың маусымынан 2025 жылдың қаңтарына дейін Қазақстан ұлттық құрамасын басқарды. Оның жетекшілігімен құрама Ұлттар лигасында алты матч өткізіп, бір рет тең түсіп, бес кездесуде жеңілді. Қазақстандық футболшылар бұл ойындарда бірде-бір гол соға алмай, өз қақпасына 15 доп жіберді.

Бұған дейін Черчесов Ресей құрамасын 2018 жылғы әлем чемпионатының ширек финалына шығарған. Сондай-ақ Польшаның «Легия» және Венгрияның «Ференцварош» клубтарымен ел чемпионаттарында жеңіске жеткен. Қазіргі уақытта «Қайраттың» бас бапкері міндетін Жора Арутюнян уақытша атқарып жүр. Ол бұл қызметке Рафаэль Уразбахтин кеткеннен кейін кіріскен.