Қазақстанда «Pin-Up» букмекерлік кеңсесінің иелері Дмитрий Пунин мен Марина Ильинаға халықаралық іздеу жарияланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Олар ел аумағында заңсыз онлайн-казино қызметін ұйымдастырды деген күдікке ілінген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, аталған тұлғалар Қазақстанда заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру ісіне қатысы бар деген күдікке ілінген. Олардың деректері Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің іздеудегі адамдар тізіміне енгізілген.
Тергеу 2025 жылы «Pin-Up» букмекерлік кеңсесі арқылы қазақстандықтарды елде тыйым салынған онлайн-казино сайттарына бағыттау туралы ақпарат тарағаннан кейін басталған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, заңсыз ойын бизнесінен түскен қаражатты шетелге шығаруға банк қызметкерлері, IT мамандары мен қаржыгерлер көмектескен. Бұл схема арқылы қазақстандықтар 100 миллиард теңгеден астам қаражат жоғалтқаны айтылды.
Бұған дейін осы іске қатысы бар деген күдікпен бірнеше адам ұсталып, Украина азаматтары Дмитрий Дружинский мен Марина Левкович-Гинзбургке іздеу жарияланған.
Енді тергеу аясында Кипрде тұратын Дмитрий Пунин мен Марина Ильина да халықаралық іздеуге берілді.