Болашақта цифрлық көмекші коммуналдық қызмет ақысын төлеп, несие жарнасын аударып, тіпті ұшақ билетін де сатып ала алады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленовтің айтуынша, азаматтар жасанды интеллектке өз атынан белгілі бір қаржылық операцияларды орындауға рұқсат бере алады. Мәселен, цифрлық көмекшіге 50–60 мың теңге көлемінде шығын жұмсауға шектеу қойып, қажетті төлемдерді тапсыруға болады.
Бұл ретте жасанды интеллект өз бетінше шексіз ақша жұмсай алмайды. Пайдаланушы оған нақты тапсырма беріп, жұмсалатын қаражаттың ең жоғары мөлшерін алдын ала белгілейді. Сондай-ақ қажет болған жағдайда операцияны тоқтату мүмкіндігі қарастырылуы тиіс.
Бинұр Жәленов мұндай қызмет үшін бөлек төлем жүйесін құрудың қажеті жоқ екенін атап өтті. Жасанды интеллект қолданыстағы банк карталары мен шоттары арқылы жұмыс істей алады.
Жаңа технология әсіресе шағын бизнес үшін тиімді болуы мүмкін. Кәсіпкерлер цифрлық көмекшінің көмегімен тауарларға тапсырыс беріп, тұрақты төлемдерді жүргізіп, ақылы сервистерге жазылымды автоматты түрде ұзарта алады.
Әзірге бұл мүмкіндіктерді енгізу жолдары талқыланып жатыр. Қызметтің нақты қашан іске қосылатыны хабарланған жоқ.