Несие төлей алмай қалған азаматтың қандай құқықтары бар

Қолданыстағы тәртіп бойынша қарыз алушы төлем мерзімі өткен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде кредиторға қайта құрылымдау туралы өтініш бере алады.

Қазақстанда несиесін уақытында төлей алмаған азамат банкке немесе микроқаржы ұйымына қарыз шарттарын өзгертуді сұрап жүгіне алады. Қаржылық қиындыққа тап болған борышкер үшін заңда берешекті сотқа дейін реттеу тәртібі қарастырылған, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Қолданыстағы тәртіп бойынша қарыз алушы төлем мерзімі өткен күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде кредиторға қайта құрылымдау туралы өтініш бере алады. Өтініште қаржылық жағдайының нашарлау себебін көрсетіп, оны растайтын құжаттарды ұсынуы қажет. Мұндай себептерге жұмыссыз қалу, табыстың азаюы, денсаулық жағдайына байланысты еңбекке жарамсыздық және басқа да мән-жайлар жатуы мүмкін.

Банк немесе микроқаржы ұйымы өтінішті 15 күнтізбелік күн ішінде қарап, қабылдаған шешімі туралы хабарлауға тиіс. Қарыз алушыға несие мерзімін ұзарту, ай сайынғы төлемді азайту, төлемді уақытша кейінге қалдыру немесе сыйақы мөлшерлемесін төмендету сияқты нұсқалар ұсынылуы мүмкін. Дегенмен кредитор өтініште көрсетілген талаптардың барлығын орындауға міндетті емес.

Егер қаржы ұйымының шешімімен келіспесе, азамат банк немесе микроқаржы омбудсманына жүгіну мүмкіндігін қарастыра алады. Сондай-ақ Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіруге құқылы. Маңыздысы – төлем кешіктірілген жағдайда банкпен байланысты үзбей, мәселені ресми түрде реттеуге тырысу.