Тұрғын үй иесінің пәтерді босатуды талап етуі жалдау шартының талаптарына және оны бұзудың заңды негіздеріне байланысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Пәтер иесі мен жалға алушы арасындағы қарым-қатынасты реттейтін негізгі құжат – жалдау шарты. Онда ай сайынғы төлем мөлшері, төлеу мерзімі, тұрғын үйді пайдалану тәртібі, кепілақыны қайтару шарттары және келісімді тоқтату жолдары көрсетілуге тиіс. Егер тараптар жазбаша шарт жасасса, дау туындаған жағдайда өз құқықтарын дәлелдеуі жеңілдейді.
Мысалы, пәтер иесі жалдау ақысын көтергісі келсе, шартта көрсетілген талаптарды ескеруі қажет. Ал жалға алушы төлемді уақытында төлемесе, мүлікке зиян келтірсе немесе тұрғын үйді келісілген мақсаттан тыс пайдаланса, шартты бұзуға негіз туындауы мүмкін. Бірақ мұндай жағдайда да заңда белгіленген тәртіп сақталуға тиіс.
Кейде пәтер иелері жалға алушының заттарын сыртқа шығарып, есіктің құлпын ауыстыру арқылы баспананы босатуға тырысады. Мұндай әрекеттер құқықтық дау тудыруы мүмкін. Егер жалға алушы тұрғын үйді өз еркімен босатпаса, пәтер иесі жағдайға қарай сот арқылы талап қоюға құқылы.
Кепілақы мәселесі де жиі дау туғызады. Егер тұрғын үйге келтірілген зиян немесе өтелмеген міндеттемелер болмаса, кепілақы шартта көзделген тәртіппен қайтарылуға тиіс. Сондықтан пәтерді қабылдап алу және тапсыру кезінде мүліктің жай-күйін жазбаша тіркеген дұрыс.