Жеке клиникада сапасыз ем алған науқас ақшасын қайтара ала ма

Қазақстанда ақылы медициналық қызмет алған азамат көрсетілген емнің сапасына күмәнданса, клиникадан түсініктеме талап етіп, тиісті органдарға шағымдана алады.

Егер медициналық көмектің сапасыз көрсетілгені дәлелденсе, науқас келтірілген зиянды өтеу мәселесін көтеруге құқылы, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Жеке клиника мен пациент арасындағы қарым-қатынас медициналық қызмет көрсету шартымен және денсаулық сақтау саласындағы заңнамамен реттеледі. Пациент өзіне қандай ем жүргізілгенін, қандай дәрілер тағайындалғанын және медициналық қызметтің құнын білуге құқылы. Сонымен қатар ол өз денсаулығына қатысты медициналық құжаттармен танысып, олардың көшірмелерін сұрата алады.

Мысалы, тіс емдеу, хирургиялық операция немесе косметологиялық процедурадан кейін асқыну пайда болса, оның себебін анықтау қажет. Өйткені емнен кейінгі кез келген асқыну дәрігердің қателігін білдірмейді. Медициналық көмектің сапасын бағалау кезінде емдеу хаттамаларының сақталуы, дәрігердің әрекеті және пациенттің денсаулық жағдайы ескеріледі.

Егер клиника қызмет көрсету шартын бұзса немесе медициналық көмек көрсету кезінде заң талаптарын сақтамағаны анықталса, пациент төленген қаражатты қайтаруды, келтірілген шығынды өтеуді талап ете алады. Мұндай дауларда медициналық сараптаманың қорытындысы маңызды рөл атқарады.

Пациент алдымен клиника басшылығына жазбаша шағым түсіре алады. Мәселе шешілмесе, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің аумақтық департаментіне немесе сотқа жүгінуге құқылы. Егер денсаулыққа зиян келтірілгені анықталса, өтемақы мәселесі заңда белгіленген тәртіппен қаралады.