Баласына буллинг жасалғанын байқаған ата-ана мектеп әкімшілігінен жағдайды қарауды талап етіп, тиісті мемлекеттік органдарға жүгіне алады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Буллинг тек баланы ұрып-соғумен шектелмейді. Оған жүйелі түрде мазақ ету, қорқыту, кемсіту, оқшаулау және психологиялық қысым көрсету әрекеттері де жатуы мүмкін. Ал әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жасалатын осындай әрекеттер кибербуллинг ретінде қарастырылады.
Мектептегі буллингтің белгілері әртүрлі болуы мүмкін. Мәселен, бала сабаққа барудан бас тартады, сыныптастарымен араласудан қашады, көңіл күйі өзгереді немесе мектептегі жағдай туралы айтқысы келмейді. Дегенмен мұндай өзгерістердің барлығы міндетті түрде буллингтің белгісі емес. Олардың себебін анықтау қажет.
Қазақстанда кәмелетке толмаған адамды жәбірлегені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 127-2-бабында жауапкершілік қарастырылған. Құқық бұзушылықтың сипатына және қайталануына қарай ескерту немесе айыппұл қолданылуы мүмкін.
Егер балаға мектепте жүйелі түрде қысым көрсетілсе, ата-ана білім беру ұйымының басшылығына жазбаша өтініш түсіре алады. Мектеп жағдайды анықтап, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шаралар қабылдауға тиіс.
Буллинг салдарынан баланың денсаулығына зиян келтірілсе немесе құқық бұзушылықтың басқа белгілері анықталса, мәселе құқық қорғау органдарының құзыреті шегінде қаралуы мүмкін. Мұндай жағдайда оқиғаның мән-жайы, қатысушылардың жасы және келтірілген зиян ескеріледі.