Ақнұр Тұрдалиева: «Балаларға жасалған инвестиция – ел болашағына салынған капитал»

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ауыл мен қала балаларының теңестірілуі, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтік жағдайы назарға алынудың маңызы жайлы «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы Республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі, бала құқықтары жөніндегі уәкілдің орынбасары Ақнұр Тұрдалиева пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Оның айтуынша, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы – еліміздің болашағына бейжай қарамайтын әрбір азаматтың асыға күтетін маңызды оқиғаларының бірі. Өйткені Президент еліміздің алдағы даму бағытын айқындап, қоғам алдында тұрған нақты міндеттерді белгілейді.

– Биылғы Жолдаудың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» деп аталуының өзінде үлкен мән бар. Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығында, еліміз ауқымды саяси өзгерістерден өтіп жатқан кезеңде Президент ендігі кезекте нақты нәтижеге қол жеткізу мәселесін алға қойып отыр. Жолдаудағы ең маңызды ойлардың бірі – келер ұрпаққа жай ғана жоспарлар мен тұжырымдамалар емес, экономикасы қуатты, технологиясы дамыған, білім мен ғылымға негізделген Қазақстан қалдыру туралы міндет.

Президенттің 2027 жылды Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы деп жариялау бастамасын да осы тұрғыдан қарастырамын. Өңірлерде мектептер, спорт кешендері, шығармашылық орталықтары мен кітапханалардың салынуы – жай ғана инфрақұрылым мәселесі емес. Бұл – балалардың дамуына жасалатын инвестиция.

Өзім балалар мен жастар саласында жұмыс істегендіктен, мүмкіндіктер теңдігі мәселесіне ерекше мән беремін. Біздің тәжірибеміз көрсеткендей, кейде баланың қабілетін ашу үшін үлкен қаржы емес, оған сенім білдіретін орта мен өзін көрсетуге мүмкіндік беретін алаң қажет. Сондықтан инклюзивті білім беру, ауыл мен қала балаларының мүмкіндіктерін теңестіру, әр баланың қоғамдық өмірге қатысуына жағдай жасау – өте маңызды.

Жолдауда мұғалімдердің артық есептілігіне қатысты айтылған сын да орынды. Бүгінде цифрландыру жұмысты жеңілдетудің орнына кейде жаңа есептіліктерді көбейтіп жібергенін мектептермен жұмыс барысында өзіміз де байқаймыз. Ал мұғалімнің негізгі уақыты балаға жұмсалуы керек.

Тағы бір маңызды мәселе – Президенттің реформалармен қатар қоғам санасының жаңғыруына назар аударуы. Мен бұл ойды толық қолдаймын. Өйткені қанша жерден заманауи мектеп салып, жаңа технология енгізсек те, қоғамда жауапкершілік, адалдық, заңға құрмет қалыптаспаса, оның нәтижесі толық болмайды.

«Адал азамат», «Заң мен тәртіп» және «Таза Қазақстан» қағидаттарын біз балаларға тек түсіндіріп қана қоймай, нақты іс арқылы үйретуіміз керек.

Менің ойымша, жаңа тарихи кезеңнің басты міндеті – мемлекетті жаңғыртумен қатар, сол жаңарған Қазақстанда өмір сүретін, оны әрі қарай дамытатын азаматтарды қалыптастыру. Ал бұл жұмыста мемлекет, мектеп, отбасы және азаматтық қоғам бірлесе әрекет етуі қажет. Ең бастысы, бүгін қабылданып жатқан шешімдердің нәтижесін ертеңгі ұрпақ нақты сезінуі тиіс, – дейді Бала құқықтары жөніндегі уәкілдің орынбасары Ақнұр Тұрдалиева.