Бірақ қаражаттың қайтарылуы тараптар арасындағы келісімге және пәтердің қандай жағдайда тапсырылғанына байланысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Пәтер жалдаған кезде тұрғындардан бір айлық төлем көлемінде кепілақы сұрау тәжірибесі кең тараған. Бұл ақша әдетте жиһаз немесе тұрмыстық техника бүлінген жағдайда келтірілген шығынды өтеу үшін алынады. Дегенмен Қазақстан заңнамасында барлық жалдау шарты үшін міндетті, бірыңғай депозит мөлшері белгіленбеген.
Егер жалға алушы пәтерді келісілген жағдайда қайтарып, коммуналдық қызметтер мен жалдау ақысын толық төлесе, үй иесінің депозитті ұстап қалуына негіз болмауы мүмкін.
Ал пәтердегі мүлік бүлінсе немесе төленбеген берешек қалса, үй иесі шарт талаптарына сәйкес шығынды өтеуді талап ете алады. Бұл ретте мүліктің күнделікті пайдаланудан табиғи тозуын нақты келтірілген залалдан ажырату маңызды.
Мұндай дауларда жазбаша жалдау шарты, депозиттің төленгенін растайтын түбіртек, банк аударымы және пәтердің бастапқы жағдайы түсірілген фотосуреттер дәлел бола алады.
Егер тараптар өзара келісе алмаса, жалға алушы ақшасын қайтару туралы жазбаша талап жолдап, кейін сотқа жүгіне алады.
Заңгерлік тұрғыдан депозиттің қайтарылу тәртібін, қандай жағдайда ұсталып қалатынын және пәтерді тапсыру шарттарын алдын ала жазбаша бекіту екі тараптың да мүддесін қорғауға мүмкіндік береді.