Біреудің несиесіне кепіл болған адам қарызды өзі төлеуі мүмкін

Қазақстанда танысының немесе туысының несиесіне кепілгер болған азамат қарыз алушы төлем жасауды тоқтатса, берешекті өз қалтасынан өтеуге міндеттелуі мүмкін.

Тіпті, несиенің бір теңгесін де пайдаланбаған адамның мүлкі мен табысына өндіріп алу шаралары қолданылуы ықтимал, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Көп жағдайда азаматтар жақындарының өтінішімен банк құжаттарына қол қояды. Кейбірі мұны жай ғана формалдық рәсім деп қабылдайды. Бірақ кепілгерлік – заңды жауапкершілік жүктейтін міндеттеме.

Қазақстанның Азаматтық кодексіне сәйкес, кепілгерлік пен кепіл болушылықтың құқықтық салдары әртүрлі. Сондықтан азаматтың нақты қандай құжатқа қол қойғаны маңызды. Егер шарт бойынша кепілгер борышкермен бірге ортақ жауапкершілік көтерсе, банк қарызды өтеу талабын оған да қоя алады. Мұндай жағдайда негізгі қарызбен қатар шартта көзделген сыйақы мен өзге де төлемдерді өндіріп алу мәселесі туындауы мүмкін.

Мәселен, азамат досының 5 миллион теңге несие алуына кепілгер болды делік. Біраз уақыттан кейін досы жұмысынан айырылып, ай сайынғы төлемді тоқтатты. Егер шартта ортақ жауапкершілік көзделсе, кредитор кепілгерден де берешекті өтеуді талап ете алады. Қарыз сот тәртібімен өндірілген жағдайда борышты өтеу үшін кепілгердің банк шоттарындағы қаражатына немесе заң бойынша өндіріп алуға болатын мүлкіне қатысты шаралар қолданылуы мүмкін.

Тағы бір маңызды жайт, кепілгер негізгі қарыз алушының келісімінсіз өз міндеттемесінен кез келген уақытта бас тарта алмайды. Кепілгерліктің тоқтатылуы заңда және шартта көрсетілген негіздерге байланысты. Ал басқа адамның қарызын өтеген кепілгер белгілі бір жағдайларда сол ақшаны негізгі борышкерден қайтаруды талап ету құқығына ие болады. Сондықтан несие рәсімдеу кезінде кепілгер ретінде қол қою адамның өз атына қарыз алуымен бірдей болмаса да, елеулі қаржылық жауапкершілікке әкелуі мүмкін.