Мейрамханада шотқа қосылған 10 пайызды төлеу міндетті ме?

Қазақстанда мейрамхана мен дәмханаларда тапсырыс құнына қосымша 10-15 пайыз қызмет көрсету ақысы қосылып жатады.

Бірақ тұтынушы бұл төлем туралы алдын ала хабардар болмаса, оның заңдылығына дау айтуға құқылы, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Көпшілікке таныс жағдай: мейрамханаға келген адам 20 мың теңгеге тамаққа тапсырыс береді. Ал есеп айырысатын кезде шоттағы сома 22 мың теңге болып шығады. Қосымша 2 мың теңге қызмет көрсету ақысы ретінде есептелген.

Қазақстанның тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамасына сәйкес, келуші қызметтің бағасы мен төлем шарттары туралы толық әрі дұрыс ақпарат алуға құқылы. Егер мейрамхана қызмет көрсету ақысын бөлек алатын болса, бұл туралы тұтынушы тапсырыс бермей тұрып білуі керек. Мұндай мәлімет ас мәзірінде немесе келушіге алдын ала ұсынылатын өзге ақпаратта көрсетілуі мүмкін. Ал қызмет көрсету ақысы туралы ешқандай ескерту жасалмай, қосымша төлем тек шот әкелінген кезде белгілі болса, тұтынушы оның негізін түсіндіруді талап ете алады.

Дегенмен Қазақстанда мейрамханалардың қызмет көрсету ақысын алуына жаппай тыйым салынбаған. Сондықтан мәзірде алдын ала көрсетілген төлем мен келушінің келісімінсіз кейін қосылған ақыны ажырата білу маңызды. Тағы бір мәселе – даяшыға берілетін шайпұл. Ол қызмет көрсету ақысымен бірдей емес. Шайпұлды беру немесе бермеу тұтынушының өз еркінде.

Егер мейрамхана әкімшілігі алдын ала келісілмеген қосымша төлемді алып тастаудан бас тартса, келуші жазбаша шағым түсіріп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау органдарына жүгіне алады. Осылайша, мейрамхана шотындағы қосымша 10 пайыздың заңдылығы оның мөлшеріне ғана емес, келушіге төлем туралы қашан және қалай хабарланғанына да байланысты.