Еуразия ұлттық университетінің журналы халықаралық дерекқорға енді

Бұл – отандық гуманитарлық ғылым мен түркітану саласы үшін маңызды жаңалық және бірнеше жылға созылған жүйелі жұмыстың нәтижесі.

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жарық көретін Turkic Studies Journal ғылыми журналы Scopus халықаралық дерекқорына енді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл – отандық гуманитарлық ғылым мен түркітану саласы үшін маңызды жаңалық және бірнеше жылға созылған жүйелі жұмыстың нәтижесі. Басылым Қазақстандағы Scopus-та индекстелетін гуманитарлық бағыттағы екінші ғылыми журнал әрі Орталық Азия елдері арасында осы бағытта дерекқорға енген алғашқы басылым болып отыр.

2019 жылы ЕҰУ ректоры, академик Ерлан Сыдықовтың бастамасымен негізі қаланған басылымның басты мақсаты – түркі халықтарының тарихы, тілі, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты іргелі және қолданбалы зерттеулерді бір арнаға тоғыстырып, халықаралық академиялық ортаға таныстыру.

Scopus Content Selection and Advisory Board сарапшылары журналдың ғылыми мазмұны мен безендірілуіне, мақалалар аңдатпаларының сапасына жоғары баға берген. Сонымен қатар басылымның өзіндік ғылыми бағыты, айқын зерттеушілік келбеті мен нақты миссиясы бар екеніне назар аударған.

«Turkic Studies Journal журналының Scopusхалықаралық дерекқорына енуі – университетіміз үшін елеулі нәтиже. Сондай-ақ  бұл Түркітану ғылымының халықаралық кеңістіктегі жаңа белесі деген сөз. Алдағы уақытта да журналдың ғылыми әлеуетін арттырып, халықаралық ынтымақтастық аясын кеңейтуге басымдық береміз», – деді журналдың негізін қалаушы және бас редакторы Ерлан Сыдықов. 

Turkic Studies Journal түркі халықтарының ортағасырлық тарихын, дала археологиясын, көне жазба ескерткіштерін, тілін, мәдениеті мен өркениеттік мұрасын зерттеуге басымдық береді.

Тағы бір маңызды жайт – Scopus шешіміне сәйкес, журналдың 2022 жылдан бері жарияланған мақалалары да халықаралық дерекқорға енгізіледі. Бұл бұрын жарық көрген ғылыми еңбектердің қолжетімділігін арттырып, отандық зерттеушілердің халықаралық ғылыми қауымдастықпен байланысын кеңейтуге жол ашады.