Бүгін «Әділет» партиясының Орталық аппаратында «Әділетті Орта» үйлестіру-талдау орталығының алғашқы отырыс өтіп, онда қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституция талаптарына сәйкестендіріп, қазақ тіліндегі заң мәтіндерінің сапасы мен құқықтық терминологияны қайта қарау және оны жетілдіру мәселелері қаралды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
«Әділет» партиясы Төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесовтің айтуынша, Мемлекет басшысының бастамасымен еліміздің Конституциясында «Заң мен тәртіп» қағидаты бекітілген болатын. Соны іске асыру мақсатында қолдау көрсеткен «Әділет» партиясы «Әділетті орта» атты жаңа партиялық жобаны қолға алды.
– Жоба аясында 8 бағыт бойынша жұмыс жүргізіледі. Осы мақсатта құрылатын орталық мемлекеттік органдар мен депутаттарды байланыстыратын алаңға айналуды көздейді. Мұнда азаматтардан келіп түсетін өтініштер мен күнделікті өмірде туындайтын мәселелерге қатысты шағымдар талданады. Орталық азаматтардың мәселелерін бір реттік өтініш ретінде қарастырып қана қоймай, оларды жүйелі түрде зерделеп, көпшілікке ортақ проблемаларды анықтауға және шешуге басымдық береді, – деді «Әділет» партиясы Төрағасының орынбасары Нұрсұлтан Байтілесов.
«Әділет» партиясы жанындағы «Әділетті Орта» үйлестіру-талдау орталығының басшысы Абзал Құспан бүгінгі алғашқы отырыста орталықтың жұмыс тәртібі мен алдағы міндеттерін таныстырды.
Оның сөзінше, сегіз бағыттан тұратын жұмыстың қай-қайсысы Құрылтай депутаттарымен тығыз байланыста болмақ. Яғни, депутаттарға өз қызметі барысында халыққа сапалы қызмет көрсетуі үшін әдістемелік және құқықтық тұрғыдан көмек көрсетіледі.
– Бағыттардың бірі – заңнамалық ревизия. Биыл бәрімізге белгілі, жаңа Конституция қабылданды. Осыған байланысты 1991 жылы тәуелсіздік алған кезден бастап қабылданған барлық заңның жаңа Конституцияға сәйкестігін тексеріп, толық ревизия жүргізуіміз қажет. Яғни, «бір оқпен екі қоян атпақпыз». Біріншіден, заңдарды Конституцияға сәйкестендіреміз. Екіншіден, қазақ тіліндегі заң мәтіндеріндегі терминология мәселелерін де қараймыз. 1990 жылдардың басында құқықтық терминология әлі қалыптаспаған еді. Қазір Терминкомның, құқық саласы мамандары мен құқық қорғау органдары өкілдерінің еңбегінің арқасында қазақ тіліндегі құқықтық терминология толық қалыптасты деуге болады. Сондықтан қазақ және орыс тілдеріндегі заң мәтіндерінің арасында айырмашылық, әсіресе қазақ тіліндегі нұсқаларда түрлі қателер бар екені айтылып жүр. Осы мәселелерді де біржола реттеуді көздеп отырмыз. Бұл жұмысты Әділет министрлігімен бірлесіп жүргізбекпіз, – деді ол.
«Әділетті Орта» үйлестіру-талдау орталығының басшысы «Заң мен тәртіп» жай ғана ұран болып қалмай, іс жүзінде жүзеге асуы тиіс деп санайды.
– «Әділет» партиясы осы жобаны толық іске асыруға кірісіп жатыр. Басты мақсатымыз – азаматтардың мүддесін қорғау. Сегіз бағыттың барлығы сайлаушылармен жұмыс істеуге негізделген. Біз азаматтардың жағдайын жеңілдетіп, қордаланған мәселелерді жүйелі түрде шешудің жолдарын ұсынамыз. Ал бұған депутаттардың көмегі қажет. Өйткені заңға өзгерісті енгізетін, ол мәселені көтеретін солар.
Сондай-ақ Үкімет қаулыларына, заңға тәуелді актілерге және қалыптасқан тәжірибеге өзгеріс енгізуге болады. Мысалы, этномедиация мәселесін көтеру жоспарда бар. Кез келген дау әуелі аудан немесе қала деңгейінде туындайды. Сол жерде уақытылы әрі сапалы жауап берілмеген, шешімін таппаған соң мәселе облыстық деңгейге көтеріледі. Ол жақтан да толыққанды жауап болмаған соң азаматтар Астанаға жүгінеді. Мақсатымыз – мәселелерді жергілікті жерде шешіп, Үкімет пен Президентке түсетін арыз-шағымдардың санын азайту.
Ол үшін әр саланың өкілдерін жинап, айына бір немесе екі рет қабылдау өткізуді жоспарлап отырмыз. Бұл мәселе әлі пысықталып жатыр. Осындай кездесулерде жергілікті жерде шешімін таппай жүрген мәселелерді кешенді түрде қарастырамыз. Өйткені бір мәселе бірнеше мемлекеттік органның құзыретіне қатысты болуы мүмкін. Сондықтан барлық тиісті органның мамандарын бір жерге жинап, азаматтардың өтініштерін бірге қарастырсақ, артық әуре-сарсаң да азаяды, – деді Абзал Құспан.
Айтуынша, мұндай тәжірибе оның жұмысында бұрын болған. Президенттің құзыретіне келіп түскен мәселелерді қарайтын орталықта әр саланың мамандарымен бас қосып, азаматтардың арыз-шағымдарын қабылдаған.
– Қазір осы тәжірибенің ауқымын кеңейтуді көздеп отырмыз. Егер жұмысты барлық аудан, қала және облыс деңгейінде жолға қойсақ, көптеген мәселені сол жерде шешуге мүмкіндік туады. Біз осы бағыттағы жұмыс әдістемесін әзірледік. Енді оны еліміздің барлық өңірінде іске қосатын боламыз. Заңнаманы ревизиялау бағыты бойынша да жұмысты бастадық, Құрылтай депутаттарымен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз, – деді «Әділет» партиясы жанындағы «Әділетті Орта» үйлестіру-талдау орталығының басшысы Абзал Құспан.
Өз тарапынан Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ жобаның басынан бастап оны әзірлеу жұмысына дейін қатысқанын сөз етті.
Жобаның басынан бастап оны әзірлеу жұмыстарына өзім де қатыстым. Дегенмен бүгінгі басқосудың тақырыбы ерекше маңызды.
– Қарапайым тілмен айтқанда, бұл – заңнамаға ревизия жүргізу. Мұндағы негізгі жұмыс – қолданыстағы заңнаманы кешенді түрде қайта қарау. Бұл тек заңдардың Конституцияға сәйкестігін тексерумен шектелмейді. Заңдардың қабылданғанына 35 жылдан астам уақыт өтті. Осы кезеңде олардың кейбірінің құқықтық мазмұны мен реттейтін мәселелері айтарлықтай өзгерді. Мұны алдыңғы Парламенттің VIII шақырылымында заңдарды Конституцияға сәйкестендіру барысында да байқадық. Кейбір заңдардың мән-мағынасы мен жекелеген терминдердің қолданысына қатысты мәселелерге тап болдық.
Әрине, бұл бағыттағы негізгі жұмыс депутаттардың қатысуымен жүзеге асырылады. Осы орталықпен бірлесіп жұмыс істей отырып, заңдардың мазмұнына қатысты қандай да бір күмәнді тұстар анықталса, орталыққа хабарласып, оларды зерделейміз. Қажет болған жағдайда заңдарға өзгерістер мен толықтырулар енгіземіз. Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің жұмысына белсенді қатысамыз, – деді Құрылтай депутаты Үнзила Шапақ.
Сонымен қатар басқосуда жиылған заңгерлер мен сарапшылар қауымы, сондай-ақ Құрылтай депутаттары Мемлекет басшысы жаңа Конституцияның нормаларын ескере отырып, заңнаманы жетілдіру мәселесіне тоқталды.
«Әділетті Орта» партиялық жобасының басты мақсаты – заң үстемдігін нығайту, азаматтардың құқықтық қорғалуын арттыру және әділетті құқықтық орта қалыптастыру. Біз үшін әділетті орта заңда жазылған қағида күйінде ғана қалмай, әр адамның күнделікті өмірінде сезілуі маңызды. Азаматтардың мемлекетпен қарым-қатынасында, өз құқықтарын жүзеге асырып, заңды мүдделерін қорғау кезінде әділеттілік қағидаты сақталуы керек.
«Әділет» партиясы қоғам сұранысын, сарапшылардың мүмкіндіктері мен депутаттардың жұмысын біріктіре отырып, құқық саласындағы маңызды мәселелерді жүйелі түрде көтеруді жалғастырады.