Мемлекет басшысының айтуынша, Металлургия комбинатының жетістіктері еліміздегі ауқымды өзгерістермен тығыз байланысты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қазақстан дамудың жаңа тарихи кезеңіне қадам басты. Алайда қол жеткізген табысқа тоқмейілсуге болмайды. Алдымызда атқаратын шаруа көп.
– Еліміздің саяси жүйесінің берік құрылымы қалыптасты. Бұл реформалар, ең алдымен, мемлекет іргесін нығайту мақсатында жасалып жатыр. Әлемдік саясат пен экономикада мүлдем жаңа, әлі кеңірек зерделеніп үлгермеген жағдаяттар пайда болған кезеңде мұның маңызы өте зор. Қазақстан пайдасымен қоса кемшілігі, тіпті тіршілікке қатер де төндіретін Жасанды интеллект үстемдік құратын жаңа әлемге ойдағыдай бейімделу үшін тыңғылықты дайындалуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміз тарихымызда бұрын-соңды болмаған қарқынды құрылысқа кірісіп, бүкіл азаматтық инфрақұрылым жаңғыратынын жеткізді.
– Келесі жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жарияладым. Осы орасан жұмысқа «Халықтық құрылыс» деген атау берілді. Жолдауда атап өткенімдей, аталған ғаламат жобаға шамамен 6,5 триллион теңге бөлінеді. Бұл – орынды шешім. Өйткені «Халықтық құрылыс» аясында ел-жұртымыз барынша мұқтаж боп отырған жобалар іске асырылады. Ең маңыздысы, «Халықтық құрылыс» тұтас елді, барлық қала мен ауданды қамтиды. Шын мәнінде, біз баянды болашақтың сенімді іргетасын қалап жатырмыз. Өйткені жаңа әрі жөнделген жолдарды, әуежайларды, вокзалдарды, электр станцияларын, ауруханаларды, емханаларды, мектептерді, ерекше балаларды оңалту орталықтарын, балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық үйлерін, спорт нысандарын, бір сөзбен айтқанда, барлық азаматтық инфрақұрылымды бірнеше буын пайдаланып, игілігін көреді. Жалпы, «Халықтық құрылыстың» бүкіл мән-мағынасын «Құрылыс және тағы да құрылыс» деген бір ауыз сөзбен түсіндіруге болады. Түптеп келгенде, бүгінгі және келешек ұрпаққа бағдарламалар мен тұжырымдарды емес (бірақ, бұл да өте маңызды), біз оларға материалдық құндылықтарды, ең алдымен, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аманат етіп қалдыруымыз керек. Халқымыздың әлдеқайда жайлы өмір сүруге, қазіргі өркениетті заманның барлық игілігін көруге хақы бар. Әділетті Қазақстанды құру стратегиясының басты мақсаты да – осы, – деді Мемлекет басшысы.