«Іле-Балқаш» резерватына екінші Амур жолбарысы жіберілді

Ол Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында жабайы табиғатқа шығарылған екінші жолбарыс атанды.

2026 жылғы 31 қазанда «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының аумағында тағы бір тарихи оқиға болды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Амур есімді аталық жолбарыс табиғи мекендеу ортасына жіберілді. Ол Қазақстанда жолбарыстарды қайта жерсіндіру бағдарламасы аясында жабайы табиғатқа шығарылған екінші жолбарыс атанды.

Қазақстанның жабайы табиғатында 70 жылдан астам уақыт бойы жолбарыстар кездеспеген еді. Енді табиғи экожүйелерді қалпына келтіру бағытында жүргізілген көпжылдық жұмыстың нәтижесінде бұл жыртқыштар өздерінің тарихи мекеніне біртіндеп қайта оралуда.

Іс-шараға Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров, Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев, «Амур жолбарысы» орталығының бас директоры Сергей Арамилев, «Freedom Шапағат» корпоративтік қорының басқарушы директоры Руслан Джумашев, сондай-ақ «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының қызметкерлері, мамандар мен адам және жолбарыс арасындағы қақтығыстардың алдын алу тобының мүшелері қатысты.

Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрі Әлібек Қуантыров атап өтті:

«Бүгін біз жолбарыстарды Қазақстанға қайтару жолында тағы бір маңызды қадам жасадық. Биыл 31 шілдеде Үміт есімді аналық жолбарыс жабайы табиғатқа жіберілген болатын. Ал бүгін біз екінші жолбарысты – Амур есімді аталықты табиғи ортаға шығардық.

Бұл тарихи оқиға – ұзақ жылдар бойы бірлесіп атқарылған жұмыстың нәтижесі. Осы орайда бағдарламаны жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы мен тікелей қатысқаны үшін Ресей тарапына, әсіресе «Амур жолбарысы» орталығы мен оның мамандарына ерекше алғысымды білдіремін. Сондай-ақ Қазақстанның табиғи экожүйелерін қалпына келтіруге және жолбарыстардың оралуына қажетті жағдай жасауға көп жылдан бері үлес қосып келе жатқан Дүниежүзілік табиғат қорына және барлық серіктестерімізге ризашылығымды жеткіземін.

Біздің басты мақсатымыз – осы жыртқыштарды тарихи мекеніне қайтарумен ғана шектелмей, олардың табиғи ортада өздігінен тіршілік етіп, көбейе алатын тұрақты популяциясын қалыптастыру».

Амур табиғатта өздігінен тіршілік етуге дайын

Қазақстанға жеткізілгеннен кейін Амур «Іле-Балқаш» резерватының арнайы жабдықталған бейімдеу қоршауында болды. Осы уақыт аралығында мамандар оның жағдайын тұрақты бақылауда ұстады.

Табиғатқа жіберілер алдында жолбарыс кешенді ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өтті. Мамандар оның денсаулығын, аңшылық дағдыларын, өздігінен қорек табу қабілетін, сондай-ақ адамға қатысты мінез-құлқын бағалады.

Сынақ нәтижелері Амурдың табиғи ортада өздігінен тіршілік етуге дайын екенін растады. Алдағы уақытта оның қозғалысы мен жаңа ортаға бейімделуін бақылау үшін жолбарысқа спутниктік бақылау қарғыбауы тағылды.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев атап өтті:

«Әрбір жолбарысты табиғатқа жіберу – үлкен жауапкершілік. Біз ең алдымен жануардың жабайы табиғатта өздігінен тіршілік етуге дайын екеніне көз жеткізуіміз керек. Сондықтан мұндай шешім оның денсаулығы, мінез-құлқы мен аңшылық қабілеті жан-жақты бағаланғаннан кейін ғана қабылданады. Жолбарыс табиғатқа жіберілген соң да мамандардың жұмысы тоқтамайды. Біз олардың қозғалысын, жаңа ортаға бейімделуін тұрақты бақылауды жалғастырамыз»,-деді ол.

Бұған дейін табиғи ортаға жіберілген Үміт есімді аналық жолбарыс резерват аумағын біртіндеп игеріп келеді. Ол өздігінен аң аулайды, ал оның қозғалысы спутниктік қарғыбау арқылы бақыланады. Мамандардың мәліметінше, Үміттің жабайы табиғатқа бейімделуі сәтті өтіп жатыр.

Ересек жолбарыстармен бірге Қазақстанға жеткізілген екі жолбарыс күшігі әзірге мамандардың бақылауында өсіп жатыр. Олар қажетті жасқа жетіп, тиісті ветеринариялық тексерулер мен мінез-құлық сынақтарынан өткеннен кейін әрқайсысын табиғатқа жіберу мүмкіндігі жеке қаралады.