Ақмола облысында бірнеше көлік соқтығысып, салдарынан үш адам көз жұмды. Қайғылы оқиға 1 қараша күні кешке Көкшетау – Астана тасжолында, Макинск қаласынан өте бере болған, деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Алдын ала мәліметке сәйкес, тасжолдың Астана бағытына қарайтын бөлігінде бірнеше автокөлік соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан адамдар зардап шекті.
Апат орнында екі адам тілге келместен көз жұмды. Тағы бір зардап шеккен азамат ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмаған.
- Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері жол апатының себептері мен мән-жайын анықтап жатыр, - деді Ақмола облысы полиция департаментінен.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы