Қазақстан құрамасы Дэвис кубогының алғашқы күнін Францияға қарсы матчпен аяқтады

Қорытынды жұптық сында Қазақстан намысын Ансар Ниетқалиев пен Родион Трайгель қорғады.

Мысыр астанасы Каирде 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы командалық әлем чемпионаты — Junior Davis Cup Finals турнирі жалғасып жатыр. Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі алғашқы кездесуін Франция командасына қарсы өткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Қорытынды жұптық сында Қазақстан намысын Ансар Ниетқалиев пен Родион Трайгель қорғады. Олардың қарсыластары франциялық Бенуа Гелдоф пен Жозеф Фитусси болды.

Кездесу француз теннисшілерінің пайдасына 6:3, 6:2 есебімен аяқталды.

Бұған дейін алғашқы жекелей кездесуде Ансар Ниетқалиев Бенуа Гелдофқа 3:6, 3:6 есебімен жол берген болатын. Ал екінші жекелей сында Ахмади Маханов Пабло Прадамға үш сетке созылған тартысты кездесуде 6:4, 3:6, 4:6 есебімен есе жіберді.

ҚР Теннис федерациясы мәліметінше, осылайша Франция құрамасы Қазақстанға қарсы командалық кездесуде 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Еске сала кетейік, жеребе қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы Франция, АҚШ және Үндістан командаларымен бір топқа түскен.

Ертең, 3 қарашада, қазақстандық теннисшілер топтық кезеңдегі екінші кездесуін АҚШ құрамасына қарсы өткізеді. Ал 4 қараша, сәрсенбі күні Үндістан командасымен ойнайды.

Junior Davis Cup Finals турнирінің финалдық кезеңіне әлемнің 16 үздік жасөспірімдер құрамасы қатысып жатыр. Топтық кезең қорытындысы бойынша әр топтан үздік екі команда ширек финалға жолдама алады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.