Жаңғырған жүйенің жылуы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында инфрақұрылым жайына ерекше мән берді. Ал инфрақұрылым мәселесі әдетте қыс жақындаған тұста өзекті бола түседі.

Өйткені бұл кезеңде халықты жылумен қамту мемлекеттің басым бағытына айналатыны белгілі. Сондықтан біз «Қуатты өңірлер – қуатты ел» айдарының кезекті шығарылымында аймақтардың жылыту маусымына дайындығын саралап көрдік.

Жалпы, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауда айтқан «Халық­тық құрылыс» бағдарламасы да жылу беру инфрақұрылымын жаң­ғыр­­туды қамтитынын айта кетейік. 

– Жаңа тарихи кезеңге қадам ба­са отырып, біз барлық азаматтық инф­рақұрылымды салу және жаң­ғырту ісіне кірісіп жатырмыз. Ал­дағы бірнеше жылда барлық ай­мақ­та қарқынды құрылыс жүргізіледі. Бұған дейін айтқанымдай, біз жаңа автожолдар, өнеркәсіп және энер­ге­тика нысандарын, темір жолдар, кө­пірлер, инженерлік желілер, гид­ротехникалық нысандар, мектеп­тер, ауруханалар, спорт кешендерін жә­не мәдениет ошақтарын сала­мыз, – деген болатын Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Демек, әр өңірдегі жылу электр ор­талықтары, желілер бастама ая­сындағы атқарылар істен тыс қал­май­ды. Осы тұста қазіргі жағдайға қа­рай ойысайық. Қазақстан аума­ғын­да 37 ірі жылу электр орталығы жұ­мыс істейтінін білеміз. Бұған дейінгі жылдарда оның көбінің жағ­дайы көңіл көншітпеді, 19 ­орталық «қы­зыл», яғни қатерлі аймақта тұр­ған еді. Үкіметтің белсенді жұмы­сы­ның арқасында олардың саны азайып, бесеу ғана болды. Бір жыл­дың ішінде 14 орталық күрделі жөн­деуден өткізілген. Соның арқа­сын­да апаттар да азаятынын бол­жау­ға болады. 

Негізі, елдің жылу жүйесіндегі ахуалды үш кезеңмен түсіндіруге бо­­лады. Әуелгісі – 2019 жыл. 37 жылу электр орталығының тозу деңгейі 60 пайыз шегінде еді, ал олардың қан­шасы «қызыл аймақта» тұрғаны ба­ғаланбаған. Жекеменшікке беру ісі осы уақытта қарқын ала бастады. 

Келесі кезең – 2023 жыл. Бұл уа­қытты апаттар кезеңі және кей ны­сандарды мемлекетке қай­тару­мен бейнелеуге болады. Тозу дең­гейі шарықтап, 66 пайызға жет­ті. Ор­та­лық­тардың жартысынан көбі – 19-ы «қызыл аймақта» тұрды. 

Ал 2026 жылдағы үрдіс мүлде бас­қаша. Тозу деңгейі 55 пайызға тө­мендеді. Ауқымды жөндеулердің ар­қасында қатерлі аймақтағы ор­та­лықтар саны 19-дан 5-ке азайды. Ескі орталықтардың орнын ақы­рын­дап жаңалары алмастыра баста­ды. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғаса беретіні анық. 

Айтпақшы, халықты жылумен қам­ту тақырыбын қозғағанда елді газ­дандыру жайын ұмыт қалдырмау ке­рек. Өйткені ауылдар мен елді ме­кендер жылуды табиғи газдан ала­ды. 2026 жылы елді табиғи газ­бен қамту көрсеткіші 64,2 пайызға жетті. 13,1 млн адам игілігін көріп отыр. Ен­дігі мақсат – 2035 жылға қа­рай газ­дандыру деңгейін 80 пайыз­ға жеткізу. 

Жылумен қамту ісінде жан жы­лытар жаңалық көп. Әйтсе де бұл қарқынмен тоқтап қалмау керегі белгілі. Орталықтар мен желілер тү­гелге жуық жаңарғанда ғана елдің әлеуметтік саласындағы үлкен бе­леске жеткен болып саналамыз. Қа­зіргі қарқын соның алғашқы бас­палдағы іспетті.

Мадияр ТӨЛЕУ