Берекенің берік іргетасы

Мемлекет басшысы 2027 жылды «Жалпыхалықтық ауқымды құрылыс жылы» деп жариялады. Оның аясында мемлекет әр облыс орталығында, ауданда, тіпті ауылда азаматтық инфрақұрылым нысандарын салып, жөндеуге белсенді кіріспек.

Жолдар, әуежайлар, вокзалдар мен денсаулық сақтау мекемелерінің серпінді құрылысы басталады. Сондай-ақ барлық өңірде тұрғын үй, шығармашылық үйлері, спорт кешендері, кітапханалар және ғылыми орталықтар бой көтермек. Президенттің «Халықтық құрылыс» бастамасы елге тағы қандай игілік әкеледі?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл­ғы Жолдауында «Жаңа тарихи кезеңді» жария етті. Оның айтуынша, бұл кезеңде әрбір азамат толыққанды әлеу­мет­тік инфрақұрылыммен қамтылады. Се­бебі, бұл – халықтың тұрмыс сапасын көтерудің маңызды шарты. 

Бүкіл Қазақстан ауқымды құрылыс алаңы­на айналады. Бұл жекелеген нысан­дарды салумен ғана шектелмейді. Мемле­кет басшысы барлық аймақта жаппай құ­ры­лысты жандандыру міндетін жүктеді. Үкі­мет пен әкімдер әр облыстың қа­жет­тілі­гін жан-жақты зерделеп, әрқайсында денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларында нақты қандай нысан керегін анықтайды. Бұл жұмысты созбалаңға салмай, қысқа мерзімде аяқтау тапсырылды. Өйткені алдағы құрылыс­тың ауқымы мен бағыты осы талдау нә­ти­жесіне тікелей байланысты болмақ. 

– Жаңа тарихи кезеңге қадам баса оты­рып, біз барлық азаматтық инфра­құры­лымды салу және жаңғырту ісіне кірі­сіп жатырмыз. Алдағы бірнеше жылда бар­лық аймақта қарқынды құрылыс жүр­гі­зіледі. Біз жаңа автожолдар, өнеркәсіп жә­не энергетика нысандарын, теміржолдар, көпірлер, инженерлік желілер, гид­­­­ротехникалық нысандар, мектептер, ауруханалар, спорт кешендерін және мәдениет ошақтарын саламыз. Заманауи инфрақұрылымдарды салу ісі ондаған жаңа өндіріс орындарын ашуға ықпал етіп, ең бастысы, халықтық цифрлық эко­номиканы дамытуға мүмкіндік береді, – деді Президент. 

Мұның сыртында Үкімет бұрын-соңды болмаған «Инфрақұрылымдық жаңғыру жоспарын» әзірлеу жұмысын қолға алды. Осы ауқымды әрі кешенді жоспарды қаржымен толыққанды қамту үшін алдағы үш жылда, 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге (14 миллиард доллардан көп) қаржы бөлінеді. Соның ішінде биыл және 2027 жылдың алғашқы екі айында әлеу­меттік нысандарды іске қосуға 1,5 трил­лион теңге көлемінде қаражат қарас­тырылады.

Ұлттық қор болашақ Қазақстанға ар­налған. Келешек ұрпақтың жарқын келеше­гін қамтамасыз ету үшін бұл бағыттағы іс­ке бүгіннен бастап кірісіп, нақты әрі ба­тыл шешімдер қабылдау қажет. «Өзекті мәселелерді кейінге қалдыруға болмайды. Әр мәселе өз шешімін табуға тиіс. Басты талап – осы: кейінгі буынға өркениетті, озық, жаңарған мемлекетті аманат етуіміз керек. Бұл – біздің мінде­ті­міз және келер ұрпақ алдындағы жауапкершілігіміз», – деді Президент.

Ол өскелең ұрпаққа мол қаржымен қа­тар, технологиялық өркендеген, күшті эко­номикасы, озық инфрақұрылымы бар, өмір сүруге қолайлы, әр азаматтың өзін-өзі дамытуына барлық жағдай жасалған жаңа тұрпатты мемлекет қалдыруды «та­ри­хи маңызды миссия» деп атады. 

Өркендеудің өрісті жолы

Президенттің «Халықтық құрылыс» бас­тамасы ел өміріне бірнеше бағытта оң өзгеріс әкелуге бағытталған: мультипли­кативті әсері зор болмақ. Бұл – тек құры­лыс жобалары емес, халық тұрмысын жақ­сартуға, адам капиталын дамытып, аза­маттарға жаңа мүмкіндіктер ашуға жә­не ел болашағына инвестиция салу­ға арналған ауқымды бағдарлама. Ол аза­маттардың әл-ауқатын арттыратын, кә­сіпкерліктің өркендеуіне, ұлттық эко­номиканы жандандыруға зор ықпал ете­тін «төл тарихымыздағы ең үлкен инфра­құры­лымдық жобаға» айналуға тиіс.

Мысалы, халықтық құрылыс аясында ауыл шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту ісіне де баса мән беріледі. Қ.Тоқаев мұны «стратегиялық маңызы бар міндет» деп бағалады. Үкімет пен «Бәйтерек» хол­­дингіне нақты шешімдерді қабылдау жүк­телді. 

Бұдан бөлек, жаңа бастама мұнайға тәуел­діліктен арылуға күш салған эко­номи­каның жаңа тірегі – өңдеу саласын өрге сүйрей алады. Бағдарлама аясында «өнімді терең өңдеумен айналысатын, ең­бек өнімділігін арттыратын жобаларға ба­­сымдық беріледі». Соның нәтижесінде, алып инфрақұрылым жобаларын тұрғызуға қажетті құрылыс материалдары, металл конструкциялары, инженерлік жаб­дықтар елімізде өндіріле бастауға тиіс. Мұндай жаңа зауыт-кәсіпорындар да «Ха­лықтық құрылыс» бағдарламасының бір бағытына айналмақ.

Жалпы, Үкімет жыл соңына дейін нақ­ты жобалардың бастапқы тізімін әзір­лейді. Бұл тізім барлық аймақты қам­тиды. Бұған қоса, осынша ауқымды жо­баны жүзеге асыруда қаржы мәселесіне ерек­ше көңіл бөлінеді. Ұлттық қор қаража­тын жинақтау мен жұмсау арасында те­пе-теңдіктің сақталғаны маңызды. Ел қаржысы тек қоғамға нақты пайда әке­ле­тін, елдің дамуына үлес қосатын жобалар­ға бағытталуға тиіс.

Жобаларды жүзеге асыруға жергілікті жер­дегі шағын және орта бизнес өкілдерін кеңі­нен тарту да маңызды. Әсіресе техни­касы мен материалдық мүмкіндігі бар, тә­жірибесі мол кәсіпкерлерге басымдық бе­рілмек. Бұл бір жағынан құрылыстың са­пасын арттырса, екінші жағынан жер­гілік­ті бизнестің дамуына, жаңа жұмыс орындарына жол ашады. Бүкіл құрылыс­тың барысы қатаң бақылауға алынады.

Қ.Тоқаев «Халықтық құрылыс» бағ­дар­ламасын жүзеге асыру барысында қар­жының шығындалуын бақылайтын мем­­лекеттік комиссия құрылатынын мә­лімдеді. Комиссия құрамына салалық ведомство басшылары, Құрылтай мен мәслихаттар депутаттары, Халық Кеңе­сі мүшелері, қоғам қайраткерлері, белсен­ді­лер, волонтерлер мен журналистер кіреді. Сөй­тіп, бағдарламаның жүзеге асуына қо­ғам өкілдері де тікелей атсалыспақ. 

Елге қызмет ететін инфрақұрылым

Мемлекет басшысының бастамасы ая­сында бірінші кезекте аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынады. Перзентханалар, ауруханалар, жедел ме­дициналық көмек көрсету стансалары, балаларға арналған оңалту орталықтары, ерекше балалардың сұранысына сай спортзалдар бой көтереді.

Сондай-ақ 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құ­ры­­лысы басталады. Бұдан өзге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласын жаң­ғыртуға қомақты қаржы бөлінеді. Көп­теген елді мекенге газ және таза ауыз­су тартылады.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әл­назарова Президент тапсырмасын оры­н­дау үшін өңірлердегі медициналық-демографиялық жағдайды және тиім­ділік өлшемшарттарын ескере отырып, денсаулық сақтау нысандарын салу қажеттілігіне талдау жүргізгендерін жет­кізді. Талдау қорытындысы бойынша елдің барлық өңірінде 70-ке жуық жаңа денсаулық сақтау нысанын салу жос­пар­ланды. 

– Атап айтқанда, «Халықтық құры­лыс­тың» алғашқы кезеңінде еліміз бойынша 1 700 төсекке арналған 8 заманауи пер­­зентхана салынады. Оның екеуі А­с­­та­­нада, қалғаны Алматы, Шымкент, Қа­ра­­ғанды, Қаскелең, Қызылорда, Орал қа­лаларында бой көтереді. Балаларға көр­сетілетін медкөмекті кеңейту, маман­дандырылған, жоғары технологиялы кө­мектің қолжетімділігін арттыру үшін Аты­рау, Ақтөбе, Алматы, Шымкент, Қас­ке­лең, Семей, Ақтау қалаларында жалпы са­ны 1 550 төсекті құрайтын 7 көпбейінді ба­лалар ауруханасы, Астанада 200 төсекке ар­налған Балаларға шұғыл көмек көрсету орталығы және 350 төсекке арналған Ба­ла­лар хирургиясы орталығы тұрғызылады, – деді министр.

Ақтау, Атырау, Қызылорда, Алматы мен Семейде «Балаларды оңалтудың ұлттық орталығының» 5 үлгілік өңіраралық филиалы ашылады. 8 ірі денсаулық сақтау объектісі де пайда болады: арасында Жам­­­­был облысындағы жұқпалы аурулар ауруханасы, ШҚО, Абай, Түркістан облыстарындағы көпбейінді ауруханалар, ем­ханалар мен мамандандырылған корпустар бар. Соның нәтижесінде шамамен 1,8 млн шаршы метрлік медициналық инфрақұрылым құрылады. Стационарлар­дағы  төсек саны 9,2 мыңға ұлғаяды. Ам­булаториялық көмек қуаты ауысымына 5 мыңнан астам келушіге көбейтіледі. 

Бастама аясында Өнеркәсіп және құ­ры­лыс, Көлік, Энергетика және Оқу-ағарту министрліктері әкімдіктермен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін өңірлердің қа­жеттіліктерін талдап, жергілікті жол­дар­ды, инженерлік желілерді, білім беру нысандарын салу және жаңғырту жо­ба­­ларының тізбесін қалыптастырады. Өнеркәсіп министрлігіне құрылыс материалдары мен жабдықтарын шығаратын отандық өндірушілердің құрылыс жұмыс­тарына кеңінен қатысуын қамтамасыз ету жүктелді. 

Көлік министрлігі келесі 2027 жылы бар­лық көлік өткізу бекеттерін салу мен жаң­ғырту жұмыстарын аяқтап, «Бақты – Аягөз» теміржол желісін іске қосады. Жергілікті автожол желісінің жай-күйін, жолдарды салу мен жөндеу мәселелерін ерекше бақылауға алады.

Жаңа әуе айлақтарын салу да – жаңа бағдарламаның ажырамас бөлігі. Жақын арада Зайсан, Қатонқарағай және Кендір­лі әуежайлары жұмысын бастайды деп күтіледі. 2027 жылы Астанада жаңа зама­науи әуежайдың құрылысына кірісу жос­парланып отыр. Жобаға саланың әлемдік лидерлерінің бірі серіктес болмақ.

– Тура бір ай бұрын осы жоба бойынша Астана әкімдігі, Көлік министрлігі жә­не Сингапур әуежайының басшылығы ара­сында меморандум бекітілді. Техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Сон­дай-ақ зерттеу жұмыстары басталды. Жал­пы, бұл – нағыз мегажоба. Әдетте, мұн­дай құрылыс 5 жылдан көп уақытты та­лап етеді, – деді Көлік вице-министрі Талғат Ластаев.

Энергетика министрлігі «Са­мұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, Түркістан, Қы­зылорда, Алматы және Екібастұз қа­лаларында электр стансаларын салуға тиіс. Келесі жылы «Балқаш» АЭС-інің құ­ры­лысы басталады.

Қорыта айтқанда, «Халықтық құры­лыс» – елдің бүгінгі сұранысы мен келе­шек ұрпақтың мүддесін тоғыстырған стра­­тегиялық бастама. Қазақстанның әр өңірінде басталатын жаңа әрі ірі құрылыс­тар ел экономикасына тың серпін беріп, халық пен бизнеске жаңа мүмкіндіктер ашу­ға тиіс. Бүгінгі ауқымды бағдарлама ер­теңгі қуатты экономиканың, жайлы өмір­дің және жарқын болашақтың берік ір­ге­тасына айналса, қойылған ұлы мақ­сат­тың орындалғаны.

Айхан ШӘРІП