Бұл орайда Жолдау еліміздегі саяси жаңғыруды экономикалық жаңарулармен ұштастырып, мемлекеттік басқарудың тиімділігін заманауи үлгіде арттырды және әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етуді нақты нысанаға алып отыр. Дәлірек айтқанда, бас құжаттағы басымдықтарды дамудың прагматикалық бағдары деп бағалауымыз керек. Осы ретте елдік стратегия кезең-кезеңімен іске асырылу арқылы өз жемісін беретіні ақиқат. Бұл – табиғи процесс. Мысалы, бамбук ағашы жас өскін кезінен алғашқы бес жылда баяу өсіп, содан кейін небәрі алты аптаның ішінде 30 метр биіктікке дейін бой көтереді екен. Яғни, алып ағаш алғаш қарқынды өсу алдында тамырын тереңдетіп алады екен. Елдің ұзақмерзімді дамуына бағытталған жоспарлар да осындай сатылы үдерістер арқылы мәуесін жаяды.
Осыған байланысты нақты мысал келтірсек. Биыл 1 шілдеде өз күшіне енген Конституцияға тұңғыш рет цифрландыруға қатысты терминология енгізіліп, заманауи технологияларды дамытудың құқықтық негізі қалыптастырылды. Ал Жолдауда Ата Заңда айқындалған сол нормаларды іске асырудың нақты тетіктері белгіленді. Демек, құқықтық жаңғыру мен цифрлық трансформация бір-бірін толықтырып, реформалар сабақтастық арқылы азаматтардың құқығы мен мүддесін қорғауға қызмет ете бастады деген сөз.
Бұдан бөлек, Жолдауда көрсетілген ірі инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, әлеуметтік әділеттілік саясатын жаңғырту, ірі қалалар мен аймақтардың экономикалық мүмкіндіктерін өзара сабақтастырып, олардың даму жоспарларын нақты нәтижелерге бағдарлау, «Халықтық құрылыс» бағдарламасын іске асыру сияқты маңызды бағыттар ел экономикасын қарқынды дамытып қана қоймай, халықтың мінез-құлқын заманға сай өзгертіп, жұртшылықты еңбекқорлыққа, жаңа технологияларды меңгеруге бейімдейтін болады. Оның ішінде, Мемлекет басшысының су ресурстарын тиімді пайдалануға қатысты талаптары халқымыздың “судың да сұрауы бар” деген нақылының негізінде ел-жұртты үнемшілдікке үйретіп, “Таза Қазақстан” қалыптастыруда тағы бір елеулі қадам жасауға жол ашып отыр. Осы тұрғыдан алғанда, «Адал азамат» қағидаты мемлекеттік саясаттың барлық деңгейінде көрініс тауып, халқымыздың өмір сүру дағдысының нақты өркениеттік өлшеміне айналатынына сенім мол.
Қуат БОРАШ, Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясаттың ұлттық мектебінің директоры