Қазақстанда әрбір төртінші дәрілік препараттың бағасы төмендегені туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қазақстанда 3 073 дәрілік препараттың 799 атауының бағасы төмендеді. Бұл жалпы дәрі-дәрмек санының 26%-ын құрайды. Яғни, әрбір төртінші препараттың бағасы арзандаған. Бұл туралы Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, халық үшін дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру – Денсаулық сақтау министрлігінің негізгі басымдықтарының бірі.
«Біздің басты міндетіміз – сапалы әрі қауіпсіз дәрілік заттарды әрбір қазақстандық үшін қолжетімді ету. Азаматтар қажетті препараттарды өз қалтасына сай бағамен сатып ала алуы керек. Мемлекет қабылдап жатқан шаралар осы мақсатқа бағытталған», – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.
Бағаның төмендеу үрдісі фармацевтикалық нарықты цифрлық мониторингтеу нәтижесінде анықталған. Сонымен қатар айналымдағы дәрілік заттардың жартысынан астамының бағасы тұрақты деңгейде сақталған.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде дәрілік заттардың бағасын мемлекеттік реттеу тәсілдері қайта қаралды. Атап айтқанда, рецептсіз босатылатын препараттарға, сондай-ақ құны бір айлық есептік көрсеткіштен төмен рецептілік дәрілерге бағаны реттеу алынып тасталды.
Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттардың айналымына цифрлық бақылауды күшейтті. Енгізілген таңбалау жүйесі препараттардың қозғалысын қадағалауға, олардың қолжетімділігін бақылауға және белгіленген шекті бағадан асыру фактілерін анықтауға мүмкіндік береді.
Азаматтар үшін де қосымша бақылау құралдары қолжетімді. eGov Mobile және «Нақты өнім» мобильдік қосымшалары арқылы қазақстандықтар дәрілік препарат, оның өндірушісі және шекті бөлшек сауда бағасы туралы ақпаратты тексере алады. Ал заңбұзушылық анықталған жағдайда Денсаулық сақтау министрлігіне өтініш жіберуге болады. Ведомство дәрілік заттардың қолжетімділігін арттыру, баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету және пациенттердің құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.