Лондонда Алатау қаласын дамытуға халықаралық капитал тартуға бағытталған еуропалық роуд-шоу аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлыбританияның Эксетер университеті (University of Exeter) проректоры (Pro-Vice-Chancellor), профессор Александра Джербасимен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Alatau City – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан ұлттық жоба. University of Exeter өкілімен өткен кездесу барысында тараптар жоғары білім мен ғылым салаларындағы қазақ-британ ынтымақтастығын кеңейту, сондай-ақ тау-кен өнеркәсібі мен экономиканың басқа да басым салалары үшін жоғары білікті мамандар даярлау перспективаларын талқылады.
Келіссөздерде Ұлыбританияның тау-кен ісі және минералдық-шикізат саласына мамандар даярлау бағытындағы жетекші академиялық орталықтарының бірі – Camborne School of Mines тау-кен мектебінің қатысуымен Қазақстанда тау-кен ісі саласындағы білім беруді дамытуға ерекше назар аударылды. Тараптар академиялық байланыстарды нығайтуға, білім беру бағдарламаларын дамытуға және отандық өнеркәсіптің қажеттіліктеріне сай мамандар даярлау үшін жаңа мүмкіндіктер қалыптастыруға мүдделілік білдірді.
Осы бағыттағы уағдаластықтар Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Эксетер университеті арасындағы ынтымақтастық туралы құжатта бекітілді. Құжат Қазақстанда тау-кен ісі саласындағы білім беруді ілгерілету және дамыту бойынша бірлескен жұмысты, сонымен қатар Эксетер университетінің филиалын ашу жоспарын көздейді. Алдын ала қарастырылып жатқан білім беру бағыттарының қатарында тау-кен ісі (Mining), мұнай инженериясы (Petroleum Engineering), озық материалтану (Advanced Materials Science) және тұрақты дамуды басқару (Sustainable Development Management) бар. Бұл бағдарламаларды таңдау Қазақстан экономикасын сұранысқа ие инженерлік, технологиялық және басқарушы кадрлармен қамтамасыз ету қажеттілігіне негізделген. Қазіргі уақытта жоба жан-жақты пысықталып жатыр.
Эксетер университеті – 1855 жылы негізі қаланған, Ұлыбританияның жетекші мемлекеттік зерттеу университеттерінің бірі. Оқу орны беделді Russell Group қауымдастығының құрамына кіреді. QS World University Rankings 2027 халықаралық рейтингі бойынша университет әлемде 136-орын алады. Әсіресе геология, геофизика және қоршаған орта ғылымдары салаларында жоғары көрсеткіштерге ие.
Эксетер университетімен серіктестікті дамыту Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін халықаралық академиялық кеңістікке кіріктіруге, озық білім беру тәжірибелерін енгізуге және елдің экономикалық әрі технологиялық дамуының стратегиялық міндеттеріне сай мамандар даярлауға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.