Министр Ақмарал Әлназарова Ақтауда дәрігерге шабуыл жасаған әкенің ісіне қатысты пікір білдірді

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Ақтауда баласының емделуіне көңілі толмай, балалар хирургіне шабуыл жасаған ер адамның ісіне қатысты пікір білдірді.

Министрдің айтуынша, оқиғаға байланысты екі тараптың да жауапкершілігі қаралады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

3 қарашада Үкіметте өткен брифингте журналистер министрден дәрігерлерге күш қолданғаны үшін жазаның күшейтілуі науқастардың өз құқықтарын қорғауына кедергі келтірмей ме деп сұрады. Сондай-ақ Ақтаудағы жанжалға дәрігердің өзі себеп болды деген әкенің мәлімдемесіне қатысты сауал қойылды.

Ақмарал Әлназарова медицина қызметкеріне жұмыс барысында күш қолдануды ақтауға болмайтынын айтып, оқиғаның нақты мән-жайын тергеу анықтайтынын жеткізді.

– Қызметін атқарып жатқан азаматты біреу келіп ұрып-соғып, жұлқылап жатса, соны дұрыс көресіз бе? Қылмыстық іс қозғалды. Сондықтан тиісті құзырлы органдар өзінің бағасын бере жатар. Президенттің тікелей тапсырмасының аясында биыл жауапкершілікті күшейтуге байланысты заңға қол қойылды. Сәуірден бастап бұл норма күшіне енді. Қазақстан бойынша осындай 50-ге жуық қылмыстық іс қозғалды, – деді министр.

Ведомство басшысы дәрігерлердің негізгі міндеті халыққа сапалы медициналық көмек көрсету екенін атап өтті. Оның сөзінше, егер тергеу барысында медицина қызметкерінің де кінәсі анықталса, ол заң аясында жауап береді.

Еске сала кеткен жөн болар, 31 қазанда Ақтаудағы облыстық балалар ауруханасының қабылдау бөлімінде науқас баланың әкесі мен хирург арасында жанжал болған. Шаншархан Абдухалим есімді тұрғын дәрігер Қанат Измаиловтың жағасынан ұстап, мойнынан қысқан.

Ер адамның айтуынша, 19 қазанда дене қызуы 39 градусқа көтеріліп, іші ауырған ұлын ауруханаға жеткізген кезде дәрігер тиісті көмек көрсетпеген. Кейін басқа хирург баласына шұғыл ота жасаған. Ал 31 қазанда баласының іші қайта ауырған кезде сол дәрігермен тағы кездесіп, оның қарым-қатынасына ашуланғанын мәлімдеді.

Өз кезегінде хирург Қанат Измаилов баланы қажетті тексерулерден өткізгенін, медициналық көмек көрсету талаптарын бұзбағанын айтты. Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы да дәрігер тарапынан медициналық этика талаптарының бұзылғаны анықталмағанын хабарлаған.

Қазір аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалды. Оқиғаның барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады.