«Ауруханаға дене қызуымен түскен»: Шымкентте төрт айлық сәбидің бірнеше башпайы кесілді

Шымкентте төрт айлық сәбидің бірнеше башпайы кесіліп, жағдайы ауыр күйде жансақтау бөліміне түсті.

Баланың анасы мұндай жағдайға дәрігерлердің салғырттығы себеп болғанын айтып, шағымданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Анасының айтуынша, сәбиін дене қызуы көтерілген соң Шымкент қаласындағы инфекциялық ауруханаға жеткізген. Бірақ емдеу барысында баланың жағдайы күрт нашарлап, сепсис дамыған. Әйел бұған катетердің дұрыс қойылмауы себеп болды деп есептейді.

Оның сөзінше, катетер қойылғаннан кейін баланың аяғы көгеріп, кейін іріңдей бастаған. Ақырында дәрігерлер сәбидің бірнеше башпайын кесуге мәжбүр болған.

Қазір төрт айлық сәби Алматыдағы аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Анасының мәлімдеуінше, баласы бір айдан астам уақыттан бері есін жимаған.

Оқиғадан кейін Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасы арнаулы комиссия құрып, қызметтік тексеру бастаған. Тексеру барысында медицина қызметкерлерінің әрекеті мен балаға көрсетілген көмектің сапасы зерделенеді. Басқарма тексеру қорытындысына сәйкес, жауапты тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға беріліп, тиісті шаралар қабылданатынын хабарлады. Әзірге баланың жағдайының нашарлауына дәрігерлердің қателігі себеп болғаны ресми түрде расталған жоқ.