Әсел Жанасова Премьер-Министрдің орынбасары – Көлік министрі болып тағайындалды

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі жазды.

Мемлекет басшысының Жарлығымен Әсел Жұбанышқызы Жанасова Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Көлік министрі болып тағайындалды, ол бұрынғы атқарған лауазымынан босатылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Ал Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұрлан Ермекұлы Сауранбаев Қазақстан Республикасының Көлік министрі лауазымынан босатылды.

Әсел Жанасова 1987 жылғы 8 шілдеде Алматы қаласында дүниеге келген. «Болашақ» халықаралық стипендиясы бойынша Ұлыбританиядағы Кембридж университетін тәмамдаған. Сондай-ақ Мәскеу мемлекеттік университетінде басқару саласы бойынша білім алған.

Еңбек жолын 2010 жылы ақпараттық технологиялар саласында бастаған. 2010–2014 жылдары Лондонда Eurasian Natural Resources Corporation компаниясында жұмыс істеп, ақпараттық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздік бағытындағы басшылық қызметтерді атқарған.

2014–2016 жылдары Қазақстан Ұлттық банкінде қызмет етіп, Цифрлық технологиялар департаменті директорының орынбасары болған. 2016–2017 жылдары «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингінің басқарма төрағасы қызметін атқарған.

2017–2020 жылдары «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеп, цифрлық технологиялар бағытына жетекшілік еткен.

2020 жылғы шілдеден 2022 жылғы қыркүйекке дейін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министрі болды.

2022 жылғы қазаннан 2025 жылғы маусымға дейін «Қазпошта» АҚ басқарма төрайымы қызметін атқарды.

2025 жылғы маусымда Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі болып тағайындалды. Сол жылдың 10 желтоқсанынан бастап Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметін атқарды.

Әсел Жанасова мемлекеттік басқару, цифрландыру, қаржы және ақпараттық технологиялар салаларында еңбек еткен.