Бүгін «Әділет» партиясының Орталық аппаратында партияның Бизнес кеңесі жанындағы Қаржы секторы және сақтандыру мәселелері жөніндегі салалық кеңестің алғашқы отырысы өтіп, онда экономиканың нақты секторын ұзақмерзімді банктік қаржыландыруды кеңейту мәселелері талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz
Салалық кеңестің жұмысы кәсіпкерлердің қаржыға қол жеткізу мүмкіндіктерін кеңейтуге, инвестиция тартуға және ұлттық экономиканың тұрақты дамуына ықпал ететін нақты нәтижелерге бағытталмақ. Жалпы, экномиканың дамуы, оның ішінде кәсіпкерліктің күн көрісі, қаржымен қамтамассыз ету мәселесі, өндіріс, жұмыс орындары. Партияның алдында тұрғаны мақсаттың бірі – 1 миллион сапалы жұмыс орнын құру. Екінші міндет – Ішкі жалпы өнімдегі орта бизнес үлесін 20 пайызға көтеру. Президент ол туралы өзщінің 28 қазанда халыққа жолдаған Жолдауында айтқан болатын.
Сонымен қатар бұл мәселе «Әділет» партиясының 2026-2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасындағы «Орта бизнес – орта тап» деп аталатын төртінші басымдықпен үндес. Сондықтан өсу әлеуеті жоғары кәсіпорындарды қолдауға арналған мақсатты кредиттік құралдарды дамытуға және мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін арттыру назарға алынды.
Оның үстіне, Кеңестің құрылуы – партиямыз үшін стратегиялық маңызы бар қадам. Бүгінде Қазақстан алдында экономиканы жаңғыртуға бағытталған ауқымды міндеттер тұр. Ал бұл міндеттерді қуатты, тұрақты әрі ұлттық мүддеге бағдарланған қаржы секторынсыз жүзеге асыру мүмкін емес, – деді «Әділет» партиясы төрағасының орынбасары Эльдар Жұмағазиев.
Оның айтуынша, Іскерлік кеңестің аясында 13 салалық кеңес құрылмақ. Тіпті, 14-ші салалық кеңес туризм мен креативті экономикаға арналмақ.
– Қазір Қазақстанның банк жүйесінде едәуір көлемде өтімді қаржы ресурстары жинақталғанын көріп отырмыз. Ендігі ортақ міндет – осы қаражатты ұзақмерзімді инвестицияларға бағыттау. Яғни қаржы ресурстары жаңа зауыттар салуға, инфрақұрылымды жаңғыртуға, отандық кәсіпкерлікті қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға қызмет етуі керек, – деген Эльдар Жұмағазиев осы алаңда әзірленетін барлық сындарлы әрі жан-жақты есептелген ұсыныстар партиялық және заңнамалық деңгейде барынша қолдау табатынын сенім білдірді. «Әділет» партиясы әзірленген бастамаларды мүдделі мемлекеттік органдармен және қаржы нарығының өкілдерімен бірлесе ілгерілетуге ниетті», – деді ол.
Кеңес төрайымы Елена Бахмутова бұл жиынның Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылғы 28 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында белгіленген міндеттерді іске асыру аясында ұйымдастырылып, инвестициялық кредиттеуді жандандыру, кәсіпкерлікті дамыту және экономиканы қаржыландырудағы банк секторының рөлін арттыру мәселелеріне басымдық берілгенін сөз етті.
– Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында қаржы секторын тиімді реттеудің маңыздылығына ерекше тоқталды. Осыған орай, біздің мақсатымыз – реттеуші органдармен, атап айтқанда, Ұлттық Банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, банк жүйесінің тұрақтылығын сақтай отырып, стратегиялық жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік беретін икемді тетіктер әзірлеу. Сондықтан осыны реттеуші органдар тарапынан банктерге нақты ынталандыру шаралары ұсынылуы қажет. Мұндай тетіктер банктердің қолда бар өтімді қаражатын өндірісті дамытуға, кәсіпорындарды жаңғыртуға және экономиканың нақты секторын қаржыландыруға бағыттауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде, бүгінгі «Әділет» партиясының Қаржы секторы жөніндегі кеңесі нақты заңнамалық бастамалар мен жан-жақты сараланған реттеушілік шешімдер әзірлейтін тиімді диалог алаңына айналуы тиіс, – деді Кеңес төрайымы Елена Бахмутова.
Оның айтуынша, алдағы Кеңес отырыстарында банк саласындағы мәселелермен қатар, сақтандыру саласын дамыту, бағалы қағаздар нарығын жетілдіру және цифрлық активтер айналымы, баспана және ипотекалық нарықты дамыту мәселелерін де талқылануы мүмкін.
Ал бүгінгі басқосудың көтерілген негізгі мәселе – банк секторындағы қаржы ресурстарын экономиканың нақты секторына тарту тетіктерін жетілдіру. Оның ішінде реттеушілік ынталандыру шараларын жетілдіру, синдикатталған кредиттеуді дамыту және банктердің, даму институттары мен жеке капиталдың қатысуымен аралас қаржыландыру тетіктерін енгізу мәселелері қаралды.
«Қазақстан Халық Банкі» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Даурен Сартаевтың айтуынша, 2022 жылдан бері екінші деңгейлі банктердің кредиттік портфелі іс жүзінде екі есеге жуық өскен. Бұл ретте экономика өскен сайын кәсіпорындардың қаржыландыруға деген сұранысы да артып келеді.
– Соңғы кезеңде базалық мөлшерлеменің жоғары болуы кәсіпорындарды балама қаржыландыру көздерін іздеуге мәжбүрлеп отыр. Соның салдарынан бизнес өкілдерінің шетел валютасындағы кредиттерге қызығушылығы артуда. Өйткені мұндай қарыздардың пайыздық мөлшерлемесі теңгемен берілетін кредиттерге қарағанда төмен.
Алайда қолданыстағы реттеушілік талаптарға байланысты шетел валютасындағы кредиттерді алу мүмкіндігі шектеулі. Қазіргі тәртіп бойынша мұндай қаржыландыруға кәсіпорындардың санаулы бөлігі ғана қол жеткізе алады. Осыған байланысты бірінші кезекте шетел валютасындағы кредиттерді алуға құқығы бар кәсіпорындар санатын кеңейту мәселесін көтергім келеді. Мәселен, Қытайдан келетін іскер серіктестер тарапынан юаньмен қаржыландыруға қатысты ұсыныстар мен өтініштер жиі түседі. Сондықтан мұндай мүмкіндіктерді кеңейту отандық кәсіпорындар үшін қосымша қаржыландыру көзі болар еді.
Екінші мәселе – Салық кодексіндегі кредиттік портфельге қатысты салықтық жеңілдіктерді сақтау. Атап айтқанда, кәсіпорындарды кредиттеуге бағытталған қаражатқа қатысты қолданыстағы салықтық тетіктерді өзгертпей, сақтап қалу маңызды деп санаймыз, – деді ол.
Аталған тапсырманы іске асыру мақсатында «Бәйтерек» Холдингі Қазақстанда синдикатталған кредиттеу жөніндегі Жобалық офисті – екінші деңгейдегі банктер мен мемлекеттік даму институттарының ірі инвестициялық жобаларды бірлесіп қаржыландыруын үйлестірудің арнайы ведомствоаралық тетігін қалыптастыру бойынша жұмысты бастамашылық етті.
«Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ басқарушы директоры Анна Лукинаның айтуынша, бастапқы кезеңде Жобалық кеңсенің құрамына еліміздің негізгі қаржы институттары кірген. Олардың қатарында «Бәйтерек» холдингі, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, Қазақстанның Даму Банкі, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы, сондай-ақ ірі коммерциялық банктер бар.
Кейін инвестициялық бастамаларды үйлестіру тиімділігін арттыру, синдикатталған кредиттеу және бірлесіп қаржыландыру тетіктерін дамыту, сондай-ақ екінші деңгейлі банктердің қосымша өтімді қаражатын тарту мақсатында Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің 2025 жылғы 19 наурыздағы тапсырмасына сәйкес Жобалық кеңсенің институционалдық рөлі күшейтіліп, Басқарушы жобалық кеңсе құрылған.
– 2025 жылғы сәуірден бері мемлекеттік органдардың, «Бәйтерек» холдингінің даму институттары мен екінші деңгейлі банктердің қатысуымен 26 отырыс өткізілді.
Атқарылған жұмыстың нақты нәтижелері бірлесіп қаржыландыру көлемінен де көрініс тауып отыр. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша «Бәйтерек» холдингінің еншілес ұйымдары екінші деңгейлі банктермен бірлесіп, қолданыстағы қолдау құралдары арқылы 6 490 кәсіпкерлік субъектісіне жалпы сомасы 3 трлн 559 млрд теңгеден астам қаржылай қолдау көрсетті.
Сонымен қатар, 1 қазандағы жағдай бойынша синдикатталған қаржыландыру және бірлесіп қаржыландыру тетіктері қолданылған жалпы құны шамамен 18,5 трлн теңгеге 25 жоба іске асырылмақ. Оның ішінде 8 трлн теңгеге 8 жоба синдикатталған қаржыландыру тетігі, ал 10 трлн теңгеге 15 жоба бірлесіп қаржыландыру тетігімен жүзеге асырылып жатыр. Бұдан бөлек, қаржыландыру тетігі нақтыланбаған тағы 2 жоба бар.
Синдикатталған қаржыландыру тетігі аясында бірқатар ірі жоба қолдау тапты. Олардың қатарында қуаты 1 ГВт жел электр станциясын салу және пайдалану жобасы (құны – 592 млрд теңге), сондай-ақ Көкшетау қаласында 630 орындық көпбейінді аурухана салу және пайдалану жобасы (құны – 269 млрд теңге) бар.
Ал бірлесіп қаржыландыру тетігі бойынша Маңғыстау, Ақтөбе және Қызылорда облыстары аумағында «Бейнеу – Сексеуіл» автомобиль жолын II техникалық санатқа сәйкес салу (құны – 779,7 млрд теңге) және республикалық маңызы бар «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолын реконструкциялау және салу (құны – 832 млрд теңге) жобалары қаржыландырылуда. Жалпы қаржыландыру көлемінің шамамен 41 пайызы екінші деңгейлі банктер мен халықаралық қаржы институттарының қатысуы есебінен қамтамасыз етіледі. Бұл аталған тетіктерге сұраныстың бар екенін және жеке қаржы секторының ірі стратегиялық жобаларды жүзеге асыруға қатысуға дайын екенін көрсетеді, – деді Анна Лукина.
Отырыста ұзақмерзімді инвестициялық кредиттеу және кәсіпкерлікті қолдау құралдары бойынша «Қазақстан Халық Банкі» АҚ, «Бәйтерек» ұлттық инвестициялық холдингі» АҚ және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ өкілдері баяндама жасалып, мемлекеттік органдардың, екінші деңгейлі банктердің, ұлттық даму институттарының, салалық бірлестіктер мен сарапшылар қауымдастығының өкілдері қатысып, пікір алмасты.
Сондай-ақ кәсіпорындардың ұзақмерзімді қаржы ресурстарына қол жеткізуіне кедергі келтіретін факторлар талқыланып, инвестициялық тәуекелдерді бөлу мен отандық бизнесті қаржыландыру мүмкіндіктерін кеңейту бойынша ортақ тәсілдер әзірлеу көзделді.