Әрбір балаға тең мүмкіндік: ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау – басты міндет

Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында ауыл мен қала балаларының теңестірілуі, әсіресе ерекше қажеттіліктері бар балалардың әлеуметтік жағдайы назарға алынудың маңызы жайлы Құрылтай Төрағасының орынбасары, Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына жағдай жасауға ерекше назар аударған. 

 –  Кейінгі жылдары елімізде бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Мыңнан астам мектеп салынып, 54 балалар оңалту орталығы, 160 отбасын қолдау орталығы ашылды. Балаларға арналған медициналық мекемелер, спорт кешендері мен басқа да әлеуметтік нысандардың желісі кеңейтілді. 

Алайда халық санының өсуі және әлеуметтік инфрақұрылымның өңірлер бойынша біркелкі дамымауы  – жұмыстың одан әрі жалғастыру қажеттігін көрсетіп отыр. Әсіресе, ауылдық жерлер мен шалғай елді мекендерде медициналық, білім беру және өзге де әлеуметтік қызметтердің жетіспеушілігі әлі де өзектілігін жоғалтпаған, – деді Динара Закиева.

Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Закиева бүгінде Қазақстанда 7 миллионға жуық бала тұратынын айтып, бұл көрсеткіштің ел халқының үштен бірі екенін еске салды. 

Айтуынша, жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді. Сондықтан әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуда қазіргі қажеттіліктермен қатар, алдағы демографиялық өсімді де ескеру маңызды.

– Осы орайда Жолдауда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын, сондай-ақ білім беру, спорт және мәдениет салаларында 50-ге жуық нысан салу міндетінің қойылуы аса маңызды. Аталған шаралар балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, сапалы қызмет алуына мүмкіндік береді. Мәселен, өңірлерде балалар ауруханаларының ашылуы күрделі медициналық көмек алу үшін ірі қалаларға бару қажеттілігін азайтады. Ал жаңа білім беру, спорт және мәдениет нысандары балалардың қабілеттерін дамытуға, бос уақытын тиімді өткізуіне және түрлі үйірмелер мен секцияларға қатысуына жол ашады. Әрине, нысандарды салумен ғана шектелуге болмайды. Оларды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету, білікті мамандар тарту және көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру да маңызды, – деді Динара Закиева.

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл кейінгі жылдары елімізде ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау және оларды қолдау бағытында елеулі өзгерістер болып жатқанын ескерді. 

Оның сөзінше, елімізде 2025–2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы қабылданды. Кейінгі жылдары 54 оңалту орталығы ашылып, мектептердегі инклюзияны қолдау кабинеттерінің саны мыңнан асты. Сондай-ақ 14 өңірде аутизмі бар балаларға көмек көрсететін 20 орталық жұмыс істейді.

– Дегенмен атқарылған жұмыстарға қарамастан, ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқықтары толық қамтамасыз етілді деп айтуға әлі ерте. Біздің мониторинг барысында жалпы білім беретін мектепте оқуға ұсыныс берілгеніне қарамастан, үйде оқып отырған балалар анықталды. Елімізде 3 420 арнайы педагог жетіспейді. Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар 235 мыңнан асады. Бүгінде еліміздің алты өңірінде аутизмі бар балаларға арналған орталық мүлде жоқ. Кейбір өңірлерде қажетті көмекті күту мерзімі бір жарым жылға дейін созылады.

Бұл мәселелер балаларды қолдаудың қолданыстағы тетіктерін жетілдірумен қатар, олардың өзара үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету керек. Қазір медициналық, білім беру және әлеуметтік көмек көрсету жүйелері арасында сабақтастық жеткіліксіз. Өйткені ата-аналар баласына қажетті қызметтерді алу үшін түрлі мекемелерге жеке-жеке жүгінуге мәжбүр. 

Осы мәселелерді жүйелі шешу мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Құрылтай депутаттары ерекше қажеттіліктері бар балаларды кешенді қолдау туралы заң жобасын әзірледі. Заң жобасында баланы туғаннан бастап 18 жасқа дейін үздіксіз сүйемелдеудің бірыңғай жүйесін қалыптастыру көзделген. Оның аясында медициналық, білім беру және әлеуметтік қызметтердің өзара байланысын қамтамасыз ету, қажетті инфрақұрылымды дамыту, мамандармен қамту және балалар мен олардың отбасыларына көрсетілетін көмектің қолжетімділігін арттыру мәселелері қарастырылған. Қазіргі уақытта заң жобасы Үкіметтің қорытындысын алу сатысында.

Біздің басты мақсатымыз – ерекше қажеттіліктері бар әрбір баланың тұрғылықты жеріне және отбасының жағдайына қарамастан, қажетті қолдауға қол жеткізуіне, сапалы білім алуына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына жағдай жасау,  – деді ол.