Құрылтай депутатының айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұстанған «Заң мен тәртіп» қағидаты азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігін қорғауға ерекше мән беріп отыр. «Әділет» партиясы үшін де азаматтардың өз үйінде қауіпсіз өмір сүруі маңызды. Алайда жылыту маусымы басталған сайын газды қауіпсіз пайдалану мәселесі өзектілігін жоғалтпайды.
– QazaqGaz компаниясының мәліметінше, соңғы бес жылда табиғи газды пайдалану кезінде иіс газынан 1 337 адам зардап шегіп, оның 294-і қайтыс болған. Әсіресе, көппәтерлі тұрғын үйлердегі пәтерішілік газ жабдықтарының жай-күйі алаңдатады. Себебі бір пәтердегі газ жабдығының ақауы басқа тұрғындардың да өміріне қауіп төндіруі мүмкін.Бұған қоса, ескі көппәтерлі үйлердегі түтін шығару және желдету арналарының уақытында тексерілмеуі мен тазаланбауы иіс газынан улану қаупін арттырады. Бұл жұмыстарға жауапты тараптардың міндеттері мен бақылау тәртібін нақтылау қажет.
«Газ және газбен жабдықтау туралы» заңда газ жабдықтарына міндетті техникалық қызмет көрсету көзделгенімен, кейбір ұйымдар нақты жұмыс атқармай, тексеруді қағаз жүзінде рәсімдеп, тұрғындардан ақы алумен шектеледі, – деді Бегалы Ералиев.
Оның сөзінше, мәселенің екінші жағы да бар. Кейбір тұрғындар қызмет көрсетуге шарт жасасудан, ақы төлеуден немесе мамандарды үйіне кіргізуден бас тартады. Анықталған ақауларды жою жөніндегі талаптар да орындалмай жатады. Ал бір тұрғынның қауіпсіздік талаптарын сақтамауы өзге адамдардың өміріне де қатер төндіруі мүмкін. Сондықтан тұрғындарға газ жабдықтарын қауіпсіз пайдалану, оларды уақытында тексерту және анықталған ақауларды жою қажеттігін түсіндіру жұмыстарын күшейту керек.
– Бұдан бөлек, газ жабдықтарына қызмет көрсету мен жүргізілген тексерулердің цифрлық есебі толық жолға қойылмаған. Соның салдарынан анықталған ақаулардың жойылғанын және атқарылған жұмыстардың нәтижесін бақылау қиын. Ең бастысы, тексерудің қағаз жүзінде жүргізілуі емес, тұрғындардың қауіпсіздігін нақты қамтамасыз ету. Осыған байланысты «Әділет» партиясының фракциясы біріншіден, газ жабдықтарына қызмет көрсететін ұйымдардың жұмыс сапасы мен алынатын төлемдердің негізділігіне талдау жүргізіп, формалды тексерудің алдын алу және нақты атқарылған жұмысты растау тетігін күшейту керек.
Екіншіден, газ жабдықтарындағы қауіпті ақаудың уақытында жойылуын, түтін шығару және желдету арналарының тексеріліп, тазалануын бақылауды күшейту. Осы жұмысқа жауапты тараптардың міндеттерін нақтылап, қауіпсіздік талаптарын бұзған абоненттерге қатысты қолданыстағы жауапкершілік шараларының тиімділігін бағалау және қажет болған жағдайда оларды күшейту. Сонымен қатар тұрғындарға газды қауіпсіз пайдалану талаптарын түсіндіру жұмысын жүйелі жүргізу.
Үшіншіден, газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету мен жүргізілген тексерудің бірыңғай цифрлық есебін енгізу. Онда атқарылған жұмысы, анықталған ақауы, оларды жою мерзімі және жауапты тұлғасы туралы мәліметтер қамтылуы тиіс, – деді Құрылтай депутаты.