Ашық құдықтар – балалар өміріне қауіп: мәселені жүйелі шешу қажет

Бүгінгі Құрылтайдың кезекті отырысында «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Нұрсадық Ергешбектің Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа инженерлік желілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралар бойынша депутаттық сауал жолдап, ашық құдықтың балалардың өміріне қауіпті екенін ескертті, – деп хабарлайды Aikyn.kz cайты.

– Ел азаматтарының қауіпсіздігіне қатер төндірген ашық құдықтар мәселесі шұғыл әрі жүйелі шешімді қажет етеді. Бұл – коммуналдық инфрақұрылым мен жауапты органдардың жұмысындағы өзекті мәселе. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға қомақты қаржы бағыттап, қызмет көрсету сапасы мен қолжетімділігін арттыру міндетін қойды. Осы басымдықтар «Әділет» партиясының сайлауалды тұғырнамасында да көрініс тапқан. Атап айтқанда, инженерлік желілердің тозуын азайту, инфрақұрылымды жаңғырту және оның тиімділігін арттыру көзделген. 

БАҚ мониторингінің мәліметтері бойынша, тек 2026 жылы балалардың ашық құдықтарға құлауының жеті жағдайы тіркелген. Бұл мәселе жүйелі сипатқа ие болуда. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, анықталған ашық люктер саны 2021 жылы 126-дан, 2025 жылы 356-ға дейін өсті, ал 2026 жылдың тоғыз айында тағы 276 әкімшілік іс тіркелген. Бұл ретте елде әлі күнге дейін барлық инженерлік құдықтардың бірыңғай цифрлық есебі жоқ. Оларды қауіпсіз деңгейде ұстауға жауаптылар әрдайым анықтала бермейді. Ал иесіз объектілер мен металл қақпақтардың ұрлануы бойынша қосымша тәуекелдерді тудырады.

Қолданыстағы Абаттандырудың үлгілік қағидалары бойынша қауіпті аймақты бір сағат ішінде қоршауды және қақпақты бес сағатқа дейінгі мерзімде ауыстыруды көздейді. Дегенмен нақты есеп беру, қауіпті жедел анықтау және орындау болмаса, стандартты мерзімдердің өзі жеткіліксіз, – деді Нұрсадық Ергешбек.

Сондықтан ол бірыңғай жауапкершілік ережелерін белгілеуді және меншік иесі туралы ақпараты бар құдықтардың цифрлық тізілімін жасауды, қауіпті дереу жою үшін қараусыз қалған құдықтарды мамандандырылған ұйымдарға беруді, бір сағат ішінде қауіпті аймақтарды қоршауды, екі сағат ішінде балалар мекемелеріндегі қақпақтарды ауыстыруды және қақпақтардың жеткілікті қорын сақтауды, тәуекелі жоғары құдықтарды торлармен және датчиктермен жабдықтау арқылы арнайы санатқа бөлуді, композиттік қақпақтарға қойылатын талаптарды әзірлеуді және ұрлық аймақтарындағы металл қақпақтарды ауыстыруды, ұрланған қақпақтарды тапсыру әрекеттері кезінде металл сынықтарын қабылдау бойынша бақылауды күшейтуді және полицияға жедел хабарлауды ұсынды. 

Сонымен қатар Құрылтай депутаты Уәкілетті органдар мен өңірлер үшін бірыңғай жүйеде деректер алмасуды қамтамасыз ете отырып, жарақаттардың, ұрлықтардың және оларды шешу мерзімдерінің бірыңғай есебін енгізуді және қауіпті аймақтарды анықтау және тәуекел карталарын жасау бойынша пилоттық жобаларды іске қосу арқылы бүкіл ел бойынша «Қауіпсіз құдық» науқанын ұйымдастыруды ұсынды.