Үш баласының көзінше әйелін өлтірген бұрынғы полицейге үкім шықты

Сот оны аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін кінәлі деп таныды.

Алматыда үш баласының көзінше бірге тұрған әйелін 39 рет пышақтап өлтірген бұрынғы полиция қызметкері Серік Накимов 15 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Сот оны аса қатыгездікпен адам өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Үкімге сәйкес, ол жазасын қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде өтейді. Сондай-ақ сотталған азамат марқұмның отбасына 10 миллион теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.

Сотталушы қылмысты қатты эмоционалдық күйзеліс (аффект) жағдайында жасағанын алға тартқан. Бірақ сот бұл уәжді негізсіз деп таныды.

Марқұмның туыстары сот үкіміне қанағаттанатынын мәлімдеді. Бұған дейін олар бұрынғы полиция қызметкерін өмір бойына бас бостандығынан айыруды сұраған.