Балалар құқын қорғау – партия назарында
Балалар құқын қорғау – партия назарында
223
оқылды
Nur Otan партиясының орталық аппаратында Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес жұмыс тобының өңірлерде жасаған мониторинг қорытындыларын талқылау бойынша дөңгелек үстел өтті. Nur Otan партиясы Төрағасы­ның Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек жетекшілік еткен басқосуға Премьер-Министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев, Nur Otan партиясы жанындағы балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық кеңес төра­ғасының орынбасары Динара Закиева, сондай-ақ жауапты министрліктер, үкіметтік емес ұйымдар мен бейнебайланыс арқылы өңірлерден бір топ өкілдер қатысты. Партия жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және бала­лар­дың құқықтарын қорғау жө­ніндегі республикалық қоғамдық кеңе­сінің мүшелері еліміздің 200 елді ме­кенін аралап, 1 300-ден астам біл­ім беру, әлеуметтік қорғау және ден­саулық сақтау мекемелерінің жұ­мысын тексеріп шықты. Кеңес жұмыс тобының өңірлерде жүр­гізген тексеру жұмыстарының нә­тижелері партиялық тыңдауда тал­қыланды. Жиында Nur Otan пар­тиясы Төрағасының Бірінші орын­басары Бауыржан Байбек от­басын қолдау және балалар құ­қын қорғау партияның ұдайы на­зарында болатынын алға тартты.
– Бұл бағыттағы жұмыстар елі­мізде тәуелсіздік алғаннан бас­тап жүргізіліп келеді. Еліміздің Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1994 жылы Бі­ріккен Ұлттар Ұйымының Ба­ла құқықтары туралы Конвен­ция­сына қол қойды. Конвенцияны іске асыру бірнеше ұрпақ өмірін­дегі оң өзгерістерге ықпал етті. Нә­­тижесінде, балалар өлімі бес есе­ден астам төмендеді. Білім берумен, соның ішінде мектепке дейінгі біліммен қамту соңғы 5 жыл­да 13,6%-ға ұлғайып, 95,2%-ды құрады. Инклюзивті білім беру дамуда, балалар үйлеріндегі же­тім және ата-анасының қамқор­лы­ғынсыз қалған балалардың саны соңғы 10 жылда 2 еседен астам азайды, әлеуметтік қорғау жүйесі қалыптасты. Елімізде балалардың құқықтарын іске асыру үшін құ­қық­тық база құрылды, оны жетіл­діру жалғасын табуда, – деп атап өтті Бауыржан Байбек.
Сонымен бірге Бауыржан Бай­бек 2013 жылы іске қосылған «Ба­қытты отбасы» партиялық жо­басының елдік іске айнал­ға­нын тілге тиек етті. Жоба іс­ке қосылғалы бері 1 000-нан ас­там балалар үйінің түлектері тұр­ғын үймен қамтамасыз етілді, 2 мың жетім балаға білім беру жи­нақтау салымы ашылды, қиын-қыстау жағдайдағы 270 мың­ға жуық отбасына құқықтық, пси­холо­гия­лық көмек көрсетілді.  width= Өз кезегінде Nur Otan пар­тия­сы Төрағасының Бірінші орын­басары балаларды қорғау мәселелерін әйелдерді қолдау мәселелерінен бөлек қарастыруға бол­майтынын айта келе, кеңестің функционалдығы кеңейіп, ген­дер­лік саясат және әйелдерді қолдау мәселелері басты назарда бо­латы­нын жеткізді. Яғни, барлық дең­гейдегі мәслихаттарда 3 335 ман­дат болса, сәйкесінше 1 000 орын әйелдерге тиесілі болмақ. Жас­тардың кем дегенде 20%-ы мәс­лихаттардың жаңа құрамына кіреді деп жоспарлануда. Талқылау кезінде сөз сөйлеген Премьер-Министрдің орынбасары Бер­дібек Сапарбаев отбасы, ана мен бала мәселесіне ерекше тоқ­тал­ды.
– Қоғамдық кеңестің таратқан мә­ліметтерін зерттеп, зерделедік. Қазіргі таңда соларды қалпына кел­тіру үшін тиісті іс-шаралар жүр­гізіліп жатыр. Бұл орайда, мем­ле­­кеттік және мемлекеттік емес ұйым­дар бірлесе жұмыс істегені жөн. Сол кезде ғана көмекке зәру ана мен балаға, жағдайы тө­мен отбасыларға барынша тиіс­ті жағдай жасай аламыз. Біз қол­даныстағы бірқатар заңдарға өз­геріс енгіздік. Парламентте бі­лім туралы, денсаулық туралы заң­дар­дың қабылданғанын жақсы білесіздер. Баланың құқығы ту­ра­лы заң да қабылданды. Бүгін­гі таңдағы біздің ең негізгі мақ­са­тымыз – балаларды қорғау. Балалардың қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету жөнінде Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да арнайы тапсырмасы бар. Қа­зір осы мақсатта іс-шаралар атқа­рылу­да. Үкімет зорлау, қинау, зомбылық жасауды болдырмау мақ­сатында арнайы бағдарлама дайындап жатыр. Жақын арада бұл бағдарлама да толығымен қа­былданатын болады. Сондай-ақ мемлекеттік емес органдармен бірі­гіп тұжырымдама жасауға кіріс­тік. Ондағы басты мақсатымыз – билік пен мемлекеттік емес ор­­ган­дармен бірігіп, балдардың тұрмысын, жағдайын жақсарту. Осы тұжырымдарға сәйкес барлық өңірлерде, кейбір ауданның орта­лықтарында балалардың жағдайын жақсартатын орталықтар ашуымыз керек, – деді Бердібек Сапарбаев. 
Отырыс барысында Отбасы, әйел­дер мәселелері және балалар­дың құқықтарын қорғау жөніндегі кеңес жанындағы жұмыс тобының өңірлерге жасаған сапарының қо­рытындысы баяндалды. Со­ны­мен қатар мемлекеттік орган­дар­дың басшылары да өз пікірлерін білдіріп, үкіметтік емес ұйымдар да өзекті мәселелерді жан-жақты талқылады. Отбасы, әйелдер мә­­селелері және балалардың құ­­қық­тарын қорғау жөніндегі рес­­пуб­ликалық қоғамдық кеңе­сі­нің өңірлерге жүргізген мо­ни­торингісінің қорытындысы бойынша бірқатар мәселелер анық­талды. Бұл ретте партияның өңірлік мемлекеттік органдармен және БҒМ-мен 2 айда жедел жұ­мыс жүргізуінің арқасында анық­талған келеңсіздіктердің 70%-ы түзетілді. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасын тауып, партияның ұдайы бақылауына алынады. Жиында кеңес төрайымы Ди­нара Закиева сөз алды. Ол От­басы, әйелдер мәселелері жә­не ба­лалардың құқықтарын қор­­ғау жөніндегі республикалық қоғам­дық кеңес жұмыс тобының нәти­желі жұмыстарын баяндады. – Кеңестің негізгі мақсаты – отбасын қолдауды жақсарту, ба­ла­­лардың құқығын қорғау жө­нін­­дегі жүйелік шараларды әзір­­леу және оны жүзеге асыру. Бү­гінде республикалық қоғам­дық кеңестің жұмыс тобы пар­тия­ның, мемлекеттің күш-жіге­рін жұмылдыратын бірегей алаң­ға айналды. Мемлекеттік орган­дардың, әкімдіктердің жедел жұ­мысының арқасында біз жақсы нәтижелерге қол жеткізіп, әр бағытта ұтқыр әрі ұтымды шешім қабылдадық, – деді Динара Болатқызы. Жиынды қорытындылаған Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек бүгінгі кеңес Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асуының жарқын көрінісі екенін жеткізді. Партия бұл ба­ғыттағы жұмысын алдағы уақытта да қарқынды жалғастырмақ. Кеңес жұмыс тобының өңірлерде жүргізген тексеру нәтижелерінде анықталған бірқатар мәселелерге баса назар аударылады.   Абылайхан ЖҰМАШ