Әскерде пицца пісіретін сарбаздар жұртты таңғалдырды

Бұл ерекше оқиғаның кейіпкерлері – астаналық Сұлтан Бажанов пен Петропавлдан келген Диас Жалмахин.

Төл армиямызда түрлі таланттар мен таңғажайып оқиғалар жиі кездеседі, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Кей сарбаздар әскери істі игеріп жатқанда, енді бірі әскерге дейінгі дағдыларын одан әрі дамытуға мүмкіндік алады. Мысалы, ҚР ІІМ Ұлттық ұланы "Орталық" өңірлік қолбасшылығына қарасты 6505 әскери бөлімінің енді өз пиццамейкерлері пайда болды.

Бұл ерекше оқиғаның кейіпкерлері – астаналық Сұлтан Бажанов пен Петропавлдан келген Диас Жалмахин. Әскерге дейін екі жауынгер де әйгілі пицца желілерінде жұмыс істеген. Жұмыс барысында олар көпке сүйікті танымал тағамды дайындаудың қыр-сырын игерген екен, енді міне бұл кәсіптері әскери қызметте де пайдасын тигізіп жатыр.

Қызметтік тапсырмалар мен жауынгерлік дайындық сабақтарын орындаудан бөлек, қос сарбаз сүйікті істеріне де уақыт табады. Өз бастамаларымен, қызметтен тыс уақыттарында өз қаруластарын жаңа дайындалған пиццамен қуантуда. Бұл дәм сарбаздардың әскери тіршіліктеріне қуаныш сыйлап, достық атмосферасын одан әрі нығайтып келеді.

Дәмді пиццалар жеке құрам арасында тез танымал болды. Кейбіреулер үшін бұл азаматтық өмірдің дәмін татуға мүмкіндік болса, басқалар үшін – еркін форматта бас қосуға, өзара араласып, көңілді уақыт өткізуге жақсы себеп.

Екі сарбаздың бұл оқиғасы: армияның тәртіпті, жауапкершілікті және әскери шеберлікті қалыптастырудан бөлек, әркімнің өз қабілеттерін ашып, бұрынғы тәжірибені қолдана алатын және оны басқалармен бөлісетін орта екенін көрсетеді. Шынында да, сіз әскери форма киіп-ақ өзіңіздің сүйікті ісіңізге адал болып қала аласыз, әсіресе егер ол басқаларға қуаныш әкелсе.