Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған ел дамуының басым бағыттары Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінде өткен кездесуде талқыланды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Іс-шараға Құрылтайдың Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Бекзат Алтынбеков пен Әйгерім Исбекова, Қарағанды облыстық ұлттық спорт түрлері қауымдастығының төрағасы Нұркен Қобжанов, мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Бексұлтанов қатысты. Сондай-ақ кездесуге өңірдің білім беру саласының өкілдері мен студенттері жиналды.
Өз сөзінде Асхат Аймағамбетов Мемлекет басшысының Жолдауы Қазақстан дамуының жаңа кезеңіндегі стратегиялық басымдықтарды айқындайтынын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту – алдағы кезеңдегі маңызды әрі күрделі міндеттердің бірі.
– Соңғы жылдардағы ауқымды саяси реформалар, жаңа Конституцияның қабылдануы және мемлекеттік басқару жүйесінің жаңғыруы одан әрі дамудың берік институционалдық негізін қалыптастырды. Ендігі басты міндет – бұл өзгерістерді әрбір азамат сезіне алатын нақты нәтижелермен толықтыру, – деді ол.
Өз кезегінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Бахтияр Жазықпаев «халықтық цифрлық экономика» тұжырымдамасының маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, бұл бастама цифрлық шешімдер мен жасанды интеллектіні кеңінен енгізуге, сондай-ақ жұмыспен қамту, кәсіпкерлік және қазақстандықтардың табысын арттыру бағытында жаңа мүмкіндіктер ашуға жол береді.
Кездесу барысында инфрақұрылымды дамыту мәселелері де кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, жол салу және жөндеу, инженерлік желілерді, әлеуметтік және өзге де нысандарды жаңғыртуға бағытталған «Халықтық құрылыс» бағдарламасының маңыздылығы атап өтілді. Сонымен қатар жобаларды сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру, бюджет қаражатының тиімді әрі ашық жұмсалуын қамтамасыз ету, қоғамдық бақылау тетіктерін жетілдіру мәселелеріне назар аударылды.
Іс-шараға қатысушылар Жолдауда белгіленген басымдықтарды тиімді іске асыру мемлекеттік органдардың, сарапшылар қауымдастығының және азаматтардың күш-жігерін біріктіруді талап ететінін атап өтті. Сондай-ақ Асхат Аймағамбетов жастармен ашық диалог орнатудың маңыздылығына тоқталып, олардың ел болашағына қатысты көзқарастары мен ұсыныстарын тыңдауға дайын екенін жеткізіп, кездесу соңында студенттердің сұрақтарына жауап берді.
Сонымен қатар олар жұмыс сапары аясында «Maker» KLMZ ЖШС ұжымымен кездесті.
Құрылтай депутаттары Айсұлу Сүлейменова мен Александр Данилов, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Виталий Тварионас, Увайс Джанаев, Виталий Хмелевский және Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаев Саран қаласындағы Tengri Tyres шина зауытының ұжымымен кездесті.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген негізгі басымдықтар талқыланды. Әсіресе экономиканың нақты секторын дамыту, инвестиция тарту, өнеркәсіп салаларын әртараптандыру және отандық өндірісті заманауи технологиялармен жаңғырту мәселелеріне баса назар аударылды.
Президент өз Жолдауында елдің экономикалық қуатын арттыру, заманауи инфрақұрылымды дамыту және озық технологияларды енгізу егемендікті нығайтып, халықтың әл-ауқатын жақсартудың маңызды шарттары екенін атап өтті. Сондай-ақ еліміздің өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге, жаңа кәсіпорындар ашуға және сапалы жұмыс орындарын құруға ерекше мән берілді.
Бұл міндеттер Tengri Tyres сияқты ірі өнеркәсіп орындарының жұмысына тікелей қатысты. Бәсекеге қабілетті өнім шығару, жаңа технологияларды енгізу және өндірістік әлеуетті арттыру еліміздің импортқа тәуелділігін азайтып, сыртқы нарыққа шығуына мүмкіндік береді.
Құрылтай депутаты Александр Данилов Мемлекет басшысының халықтың әл-ауқатын арттыруға және экономиканы тұрақты дамытуға бағытталған бастамаларының маңызын атап өтті.
– Президент Жолдауы еліміздің алдағы даму бағытын айқындайды. Онда экономиканы нығайтуға, заманауи технологияларды енгізуге және өнеркәсіпті дамытуға ерекше көңіл бөлінген. Отандық өндірісті өркендету, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек ұжымдарын қолдау – Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ететін негізгі тіректер. Әрбір кәсіпорынның артында адамдардың кәсіби біліктілігі, жауапкершілігі мен күнделікті еңбегі тұр. Сондықтан өндірісті дамытуға мүмкіндік жасап, әр адамның еңбегіне лайықты баға берілуі маңызды, – деді Александр Данилов.
Кездесуде өнеркәсіпті дамыту үшін білікті мамандар даярлау және олардың кәсіби білімін үнемі жетілдіру қажеттігі де айтылды. Қазіргі кәсіпорындардың бәсекеге қабілетті болуы, ең алдымен, білікті мамандар мен олардың жаңа технологияларды меңгеруіне байланысты екендігі сөз болды.
Бүгінде еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұр. Оларды жүзеге асыруға бизнес өкілдері, еңбек ұжымдары және әрбір азамат өз үлесін қосуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда, өңірлерде халықпен ашық пікір алмасу мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын түсіндіруге және тұрғындарды толғандырған сұрақтарды тікелей талқылауға мүмкіндік береді.
Кездесу соңында зауыт қонақтары мен қызметкерлері Жолдауда белгіленген міндеттерді орындау үшін әрбір қазақстандық өз жұмыс орнында жауапкершілікпен еңбек етіп, ортақ іске үлес қосуы қажет екенін атап өтті.
Айта кетерлігі, Tengri Tyres – жеңіл және жүк көліктеріне арналған шиналар өндірісімен айналысатын инновациялық кәсіпорын. Қарағанды облысындағы ірі өнеркәсіп орындарының бірі. Кәсіпорын өңірдің жүздеген тұрғынын тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Құрылтай депутаттары, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері және Үкімет өкілдері Qarmet металлургиялық комбинатының еңбек ұжымымен кездесу өткізді. Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауының мән-маңызы, ондағы елдің болашақ даму бағыттарын көздейтін міндеттер талқыланды.
Алқалы жиынға Құрылтай депутаты, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Үнзила Шапақ, Құрылтай депутаты Вадим Басин, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Гаухар Акижанова мен Александр Куприенко, Энергетика вице-министрі Бақытжан Ілияс, Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Иран Шархан, облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Сүйінбаев, сондай-ақ Қарағанды облысының Қоғамдық кеңесінің төрағасы Серікжан Байбосынов қатысты.
Кездесу қонақтары алдымен комбинаттың өндіріс нысандарын аралап, еліміздегі ең ірі өнеркәсіп орындарының бірінің жұмыс барысымен, оның өндіріс қуатымен танысты. Металлургия саласының алдағы даму мәселелерін талқылады.
Қатысушылар Президент Жолдауының негізгі бағыттарына тоқталып, өнеркәсіпті жаңғырту, энергетиканы дамыту, инфрақұрылым нысандарын салу және индустриялық кәсіпорындарды тұрақты дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Қазақстанның барлық өңірлерін қамтуға тиіс «Халықтық құрылыс» бастамасы негізгі тақырыптардың бірі болды. Мемлекет басшысы оны жүзеге асыру шеңберіндегі ауқымды жұмыс азаматтардың жайлы өмір сүруіне қажетті нысандарды салуға және жаңартуға бағытталатынын атап өткен болатын.
Металлургия кәсіпорны үшін Жолдауда көтерілген мәселелер ерекше өзекті. Бұл салада көп жылдық тәжірибесі бар Құрылтай депутаты Вадим Басин өз сөзінде Мемлекет басшысы ұсынған реформалар кәсіпорындарды дамыту, өндірістік қуаттарды жаңарту және тұрақты экономикалық өсу үшін жағдай жасау арқылы іске асырылатынын айтты.
– Өнеркәсіп саласындағы қайта құруларды дәйекті жаңғырту, инновациялық технологияларды енгізу және білікті кадрлар даярлау арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Кәсіпорындардың жаңа экономикалық жағдайларға қаншалықты жылдам бейімделуі олардың бәсекеге қабілеттілігі мен отандық өндірістің болашағын айқындайды, - деді Вадим Басин.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өңірлерде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына тиімді мониторинг жасап отыру үшін депутаттық корпус пен экономиканың нақты секторының өкілдері арасындағы тікелей байланыс арнасын сақтаудың маңызды екенін атап өтті. Айтылған ұсыныстар Құрылтайдың сараптамалық және заң шығару қызметі шеңберінде одан әрі жұмыс істеу үшін жүйеленетін болады.
Металлургиялық комбинаттағы ауқымды іс-шара мемлекеттік басымдықтарды кәсіпорынның еңбек ұжымының өкілдерімен тікелей талқылауға жол ашты. Мұндай диалог форматы Жолдаудың негізгі ережелерін қызметкерлерге жеткізіп қана қоймай, оларды елдің өнеркәсіп саласы мен экономикасының алдында тұрған нақты міндеттер арқылы қарастыруға мүмкіндік береді.