Кешегі көз үйренген өнердің бүгінгі бейнесі бөлек, оны көпшілікке ұсынудың мүмкіндігі де әлдеқайда кең. Бұрын қылқалам мен домбыраның үні арқылы ғана көңілге жол тапқан шығармашылық бүгінде цифрлық технологияның көмегімен жаңа сипатқа ие болуда. Жасанды интеллект пен заманауи техниканың өнер әлеміне дендеп енуі де осы өзгерістің айқын көрінісі.
Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында цифрлық экономиканы дамытуға креативті индустрияның да белсенді атсалысуы қажеттігін атап өтті. «Үкімет, ұлттық компаниялар, креативті индустрия секторы осы үдеріске белсенді атсалысуға тиіс», – деді Президент. Расында, технологияның мүмкіндігін тиімді пайдалану мәдениет саласына да тың серпін беріп, ұлттық өнерді жаңа қырынан танытуға жол ашып отыр. Соңғы күндері еліміздің әр өңірінде өтіп жатқан мәдени шараларға көз жүгіртсек, дәстүр мен жаңашылдықтың өзара сабақтасып, өнердің жаңа тынысы ашылып келе жатқанын аңғарамыз.
Сахна төріндегі робот-қуыршақ
Қуыршақ театры десе, көбіміздің көз алдымызға жіпке байланған немесе қолмен басқарылатын кейіпкерлер елестейтіні рас. Алайда бүгінгі технология өнердің бұл түріне де тың өзгеріс әкеліп отыр. Алматыда өткен IV халықаралық «Almaty Puppet Festival – 2026» фестивалінде көрермен назарына ұсынылған робот-қуыршақ осының айқын дәлелі болды.
Бұл халықаралық басқосуға 11 елден 14 театр ұжымы қатысып, 150-ден астам қуыршақ өнерінің шебері бас қосты. Фестиваль аясында театр мамандары тәжірибе алмасып қана қоймай, қуыршақ өнерінің бүгінгі мүмкіндіктерін де ортаға салды. Соның ішінде робот-қуыршақтың сахнаға шығуы дәстүрлі өнер мен заманауи технологияның тоғысуына жол ашты.
Бұл жаңалық қуыршақ театрының бұрынғы болмысынан бас тарту емес, керісінше, оның көркемдік мүмкіндігін кеңейтуге жасалған қадам. Өйткені өнердің ғұмыры заман өзгерісіне ілесіп, жаңа көрерменге жаңа тіл таба білгенде ұзара түседі. Робот-қуыршақ та сахнадағы сол ізденістің бір көрінісі.
Заманымның үнісің сен – домбыра
Ал ұлттық музыка әлемінде жаңашылдықтың өзіндік өрнегі байқалды. Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі 93-концерт маусымы аясында Qurmangazy: Next Cover Concert жобасын ұсынды. Көпшілікке таныс заманауи әуендер бұл жолы домбыра мен өзге де халық аспаптарының сүйемелдеуімен орындалды. Қазақстандық әншілер де қатысқан концертте дәстүрлі музыка мен бүгінгі музыкалық бағыттар бір сахнада тоғысты.
Мұндай бастаманың мәні – жас буынға ұлттық аспаптардың үнін өзгеше қырынан танытып, төл өнердің тынысын кеңейту. Өйткені домбыраның үні – тек өткен күннің естелігі емес, бүгінгі ұрпақтың да жүрегіне жол таба алатын рухани қазына.
Француз өнеріне виртуалды саяхат
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде ашылған «Цифрлық күз – 2026» фестивалі дәстүрлі көрме түсінігін жаңаша қалыптастырып отыр. Францияның жетекші цифрлық студиялары әзірлеген 13 иммерсивті туынды VR және AR технологиялары арқылы ұсынылған. Көрермен енді картинаны сырттай тамашалап қана қоймай, виртуалды кеңістікке еніп, өнер туындысының ортасында жүргендей әсер алады.
Фестиваль аясында Нотр-Дам соборының көрінісін тамашалап, Клод Моненің «Су лалагүлдері» әлеміне енуге, әйгілі «Мона Лиза» туындысын өзгеше қырынан сезінуге мүмкіндік бар. Жобаны Франция елшілігі мен Француз институты Француз альянсының қолдауымен ұйымдастырған. Бұл бастама 2022 жылдан бері өткізіліп келеді. Қарағандыдағы көрме 10 қарашаға дейін жалғасады.
Мұндай тәжірибе өнерді қабылдаудың жаңа жолын ашып отыр. Бұрын көрермен туындыға сырттай баға берсе, енді оның кеңістігіне еніп, өзін сол шығарманың бір бөлшегіндей сезіне алады. Технология мұнда өнердің орнын баспайды, керісінше, оның әсерін күшейтетін құралға айналады.
Өнерге шектеу жоқ
Қарағанды облыстық бейнелеу өнері музейінде «Өмір шуағы» атты көрме ашылады. Экспозицияға көзі көрмейтін және көру қабілеті төмен суретшілер мен ақындардың шығармалары қойылып, олардың өнер туындылары көпшілік назарына ұсынылмақ.
Көрменің ерекшелігі – сурет пен өлеңнің өзара үндесуінде. Авторлар қоршаған ортаның сұлулығын, туған жердің көрінісін, көңіл күй мен ішкі сезімді өз шығармалары арқылы жеткізеді. Кейбір картиналар өлең жолдарымен толықтырылып, көрерменге туындыны бірнеше қырынан тануға мүмкіндік береді.
Көзбен көре алмау өнерді сезінуге кедергі емес екенін осындай шығармалар дәлелдейді. Кейде адам айналасындағы дүниені жанарымен емес, жүрегімен танып жатады. Ал өнер сол сезімді өзгеге жеткізудің бір жолы. «Өмір шуағы» көрмесі де шығармашылыққа қабілет пен шабыттың қажет екенін, ал оған жол ашу үшін адамға мүмкіндік беру керектігін еске салады.
Музыка мен сурет бір арнада
Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық өнер музейі 11 қарашада «Дыбыстар – суретшілер көзімен» атты көрмені көпшілікке ұсынбақ. Қазақстан Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған жоба музыка мен бейнелеу өнерінің байланысын танытуға бағытталған.
Экспозицияға композиторлар мен ақындарға арналған, музыкалық шығармалардан шабыт алған кескіндеме, графика, мүсін және сәндік-қолданбалы өнер туындылары қойылады. Көрменің басты ерекшелігі – интерактивті форматында. Әр туындының жанына орналастырылған QR-кодты смартфонмен сканерлеу арқылы көрермен суретшіні шабыттандырған музыканы тыңдай алады. Сонымен қатар шығармада бейнеленген тұлғалар туралы мәліметпен танысуға мүмкіндік бар.
Сөйтіп, көрермен суретті көріп қана қоймай, оның әуенін де тыңдайды. Бір қарағанда бөлек-бөлек өнер түрлері секілді көрінген музыка мен бейнелеу өнері осылайша ортақ сезімге ұласады.
Шекарасыз өнер
Өнердің тілі ортақ деген сөздің жаны бар. Қай елде дүниеге келсе де, шынайы туынды көрерменнің жүрегіне жол таба алады. Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық өнер музейінде ашылған «Жібек жолының шексіз бұлттары. «Бір белдеу, бір жол»: Алматы бекеті» көрмесі де осы ойды аңғартады.
Көрмеге Қазақстан мен Қытай суретшілерінің туындылары қойылған. Жібек жолының тарихи мұрасын, Шығыс пен Батыс мәдениетінің байланысын арқау еткен шығармалар екі елдің өнер иелеріне ортақ тақырыптарды әр қырынан танытады. Бірі тарих пен дәстүрге үңілсе, енді бірі бүгінгі қоғамның тынысын, заманауи адамның ой-толғанысын бейнелейді.
Бір қызығы, бұл көрме Алматыға дейін Тегеран мен Ташкент қалаларында да көпшілік назарына ұсынылған. Демек, туындының жолы суретшінің шеберханасымен шектелмейді. Ол елден елге өтіп, жаңа көрерменмен қауышып, әр ортада өзінше сөйлейді.
Мұндай мәдени байланыстардың маңызы да осында. Өнер арқылы халықтар бір-бірінің тарихын танып, дүниетанымына жақындай түседі. Ал ортақ көрмелер шығармашылық тәжірибе алмасуға, жаңа идеялардың тууына мүмкіндік береді. Жібек жолы кезінде сауда мен өркениетті жалғаса, бүгін өнер мен мәдениеттің алтын көпіріне айналып отыр.
Бұдан біз өнердің өзгермейтін өзегі сақталғанымен, оны жеткізудің жолы жаңарып келе жатқанын аңғарамыз. Дегенмен технология қанша жерден дамыса да, өнердің басты өлшемі – адамға әсер ету, жүрекке жету. Ендеше жаңашылдықтың жөні өткеннің өнегесін өшірмей, келешектің көкжиегін кеңейту болса керек.
Әмина МҰХАНБЕТ