Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты қозғалған қылмыстық іс бойынша сегіз лауазымды тұлға қамауға алынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Қайғылы оқиғаның себептері мен мән-жайын анықтау үшін Ішкі істер министрлігінің әскери-тергеу органдары тергеу жүргізіп жатыр.
Осы уақытқа дейін 300-ден астам адамнан жауап алынып, 30-дан аса сот сараптамасы мен зерттеу тағайындалған.
Тергеу барысында қызметтік міндеттеріне салғырт қарады және кеме жүргізу ережелерін бұзды деген күдікпен сегіз лауазымды тұлға сот шешімімен қамауға алынған.
Олардың арасында Қарулы Күштер Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшысы мен оның екі орынбасары, екі әскери бөлімнің командирлері, теңіз жаяу әскері батальоны мен ротасының командирлері, сондай-ақ катер капитаны бар.
Қазір тергеу амалдарын аяқтап, қылмыстық процеске қатысушыларды іс материалдарымен таныстыру жоспарланып отыр. Қылмыстық істің тергелу барысы Бас прокуратураның ерекше бақылауында.