Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жасанды интеллект дәуірі: баспа ісі, медиа және дизайн» атты халықаралық күзгі мектеп өз жұмысын бастады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ауқымды шараға академиялық орта өкілдері, отандық және шетелдік баспагерлер, БАҚ өкілдері, сондай-ақ креативті индустрия мен IT саласының мамандары қатысып жатыр.
Халықаралық жиынның ашылуында журналистика факультетінің деканы Ысқақ Егембердиев, Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демир, Баспа, полиграфия және кітап тарату ұйымдары қауымдастығының төрағасы Әділ Қойтанов, сондай-ақ Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы директорының орынбасары Толқын Салменбаева сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Бағдарламаның алғашқы күні жасанды интеллектінің телевизия, баспасөз, кітап индустриясы және көркем аудармаға тигізетін әсеріне арналды. Сонымен бірге цифрлық дәуірдегі авторлық құқық пен медиа мамандарының кәсіби жауапкершілігі қозғалды.
Алдағы күндері қатысушылар электронды және аудиокітаптар әзірлеу, мәтінді редакциялау, ЖИ арқылы иллюстрация мен анимация жасау, кітап дизайнын заманауи форматта безендіру және әлеуметтік желілерде кітап өнімдерін насихаттаудың жаңа тәсілдерін меңгереді.
Сонымен қатар мектеп бағдарламасында медиасауаттылық, фактчекинг және жасанды интеллект арқылы таралатын фейк ақпаратпен күрес мәселелеріне ерекше басымдық берілген. Шараға Ұлыбритания, Канада, Түркия және Гонконгтан арнайы келген халықаралық сарапшылар қатысып, өз тәжірибелерімен бөліседі.
Халықаралық күзгі мектептің жұмысы 19 қарашада қорытындыланып, қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталады.