Қазақстан тұрғыны Майк Тайсонмен кездесті (видео)

Ол әлемдік бокс аңызымен түскен видеосын әлеуметтік желіде жариялады.

Қазақстандық кәсіпкер Айгүл Қанатқызы ұшақта Майк Тайсонды кездестірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Ол әлемдік бокс аңызымен түскен видеосын әлеуметтік желіде жариялады. Бұл оқиға Бостон – Стамбұл бағытындағы халықаралық рейс кезінде болған. Отандасымыз ұшақ бортында онымен әңгімелесіп, естелік суретке түсіп, сәтті сапар тілеген.

Айгүл Қанатқызы Майк Тайсонды тек спортта жетістікке жеткен, сонымен қатар өмірдегі қиындықтарды жеңе білген қайратты жан деп есептейтінін жеткізді.

«Аңыз адамдарды теледидардан көріп өстік. Ал бүгін сол аңыздардың бірімен жүздестім! Майк Тайсон. Бокс тарихында өз ізін қалдырған, әлемге әйгілі тұлға. 20 жасында ауыр салмақта әлем чемпионы атанып, тарихқа енген спортшы. Оның өмірінде үлкен жеңістер де, ауыр жеңілістер де, қателіктер де болды. Бірақ мені қызықтыратыны адамның биікке қалай көтерілгені ғана емес, өмірдің түрлі сынағынан кейін қалай өзгеретіні. Нағыз күш тек соққының қуатымен өлшенбейді. Өз қателігіңді мойындау, қиындыққа төтеп беру, қайта бастау да үлкен күшті талап етеді. Кезінде әлемді таңғалдырған аңыз спортшымен бір кадрда болу да ерекше әсер екен! Ал сіз үшін Майк Тайсонның ең есте қалған жекпе-жегі қайсы?» - деді кәсіпкер.

Желі қолданушылары бұл көріністі жылы қабылдап, тілегін жазып жатыр.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.