Әсем Орынбай Дохада өтіп жатқан стенд атудан әлем чемпионатының финалына шықты

Қазақстандық спортшы әлем чемпионатының үздік сегіздігіне енді.

Қазақстан құрамасының өкілі Әсем Орынбай Қатар астанасы Дохада өтіп жатқан стенд атудан әлем чемпионатының іріктеу кезеңінен сәтті өтіп, әйелдер арасындағы скит сайысының финалына жолдама алды, – деп хабарлайды Aikyn.kz Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Іріктеудің қорытындысы бойынша, Әсем Орынбай 125 мүмкіндіктің 121-ін дәл орындап, бесінші орыннан көрінді. Осылайша, қазақстандық спортшы әлем чемпионатының үздік сегіздігіне енді.

Аталған сайыста Қазақстан намысын Зоя Пискун мен Ольга Хайлова да қорғады. Зоя Пискун 117 ұпай, ал Ольга Хайлова 101 ұпай жинады. Алайда қос спортшы да үздік сегіздікке еніп, финалға өте алмады.

Әсем Орынбай - стенд атудан Қазақстан құрамасының көшбасшыларының бірі. Оның еншісінде 2022 жылғы әлем біріншілігінің командалық сындағы қола жүлдесі, сондай-ақ Алматыда өткен әлем кубогы кезеңінің алтын медалі бар.

Әйелдер арасындағы скит сайысының финалы бүгін, 6 қараша күні Астана уақытымен сағат 14:30-да басталады.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.