Атырауда BINOM мектебінің 8-сынып оқушысына пышақпен шабуыл жасаған жасөспірімге сот үкімі шықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ол 15 жылға бас бостандығынан айырылды.
Қанды оқиға биыл 13 наурызда Дінмұхамед Қонаев атындағы BINOM мектебінде болған. 9-сыныпта оқитын жасөспірім мектепке пышақ алып келіп, 13 жастағы қызға шабуыл жасаған. Денесінің бірнеше жерінен жарақат алған оқушы шұғыл ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Дәрігерлердің көмегінен кейін жағдайы тұрақталып, хирургия бөліміне ауыстырылған.
Бірнеше айға созылған қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен жабық қаралды. 6 қарашада судья Зарема Хамидуллина үкімді жариялап, тергеу кезінде анықталған жайттарды да мәлім етті. Белгілі болғандай, жасөспірім бұл әрекетке алдын ала дайындалған. Оның жазбаларынан қылмыс жасауды бірнеше күн бұрын ойластырғаны анықталған. Тіпті, өз ата-анасын өлтіру туралы да жазған. Оқиға болған күні ол сабақтан кейін үйіне қайтып, сөмкесіне бірнеше пышақ, балға және өзге де заттарды салып, мектепке қайта келген. Күзетшіге көзілдірігін ұмытып кеткенін айтып, ғимаратқа кірген. Сол кезде оның сөмкесі тексерілмеген.
Мектеп дәлізінде жасөспірім қыздардың бірінің соңынан қуып, арқасы мен мойнына бес рет пышақ сұққан. Сотта оның жәбірленушімен бұрын таныс болмағаны және екеуінің арасында ешқандай жанжал туындамағаны белгілі болды. Тергеу барысында жасөспірімнің бұған дейін мектеп психологіне буллингке байланысты шағымданғаны да анықталған. Бірақ оған күш қолданылғаны расталмаған.
Сот-психиатриялық сараптама қорытындысы бойынша жасөспірім қылмыс жасаған сәтте өз әрекетінің мәнін түсінген және оны басқара алған. Сот оны 15 жылға бас бостандығынан айырып, жазасын кәмелетке толмағандарға арналған орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге үкім шығарды.
Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ. Оған 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым түсіруге болады.