Нинбода (Қытай) өтіп жатқан ауыр атлетикадан әлем чемпионатында ерлер арасында 110 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Бұл сында Қазақстан намысын Артем Антропов қорғады.
Отандасымыз қоссайыстың қорытындысы бойынша 393 келіні көтерді.
Жұлқа көтеруде Артем 167 келіні бағындырса, серпе көтерудегі үздік нәтижесі 226 келі болды. Осылайша, қазақстандық зілтемірші жалпы есепте сегізінші орынға тұрақтады.
Өзбекстан өкілі Акбар Джураев алтын медаль жеңіп алды. Ол қоссайыстың қорытындысы бойынша 432 (198+234) келіні көтерді. Күміс жүлде 418 (185+233) келі көтерген ирандық Алиреза Насириге бұйырды. Ал Түрікменстан спортшысы Шахзадбек Матякубов 417 (187+230) келі көрсеткішімен үздік үштікті түйіндеді.
ҚР ҰОК мәліметінше, бұған дейін Нинбодағы әлем чемпионатында Нұрғиса Әділетұлы 95 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде күміс жүлдеге ие болған еді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.